Бекзат Саттарханов – қазақ боксының мәңгі жұлдызы
Бүгін – Бекзат Саттархановтың туған күні

Бүгін Сидней олимпиадасының чемпионы, даңқты боксшы Бекзат Саттархановтың туған күні. Қазақ боксының тарихындағы тұңғыш олимпиада чемпионы тірі болғанда 46 жасқа толар еді, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Бекзат 1980 жылы Түркістан қаласында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ол әкесі Сейілхан мен анасы Сырлыкүлдің кенже баласы болатын. Сәби кезінде нәзік әрі әлжуаз болып өскен Бекзат ата-анасының ұйытқы болуымен бастапқыда күрес үйірмесіне жазылады, алайда күреске қызықпай, 1995 жылдан бастап бокспен шұғылдана бастайды. Бір жылдан соң республикалық жарыстардың жеңімпазы атанып, болашағы зор спортшы екенін дәлелдейді.
Оның бокстан үлгі тұтатыны – Серік Қонақбаев. Анасы Сырлыкүл Саттарханова баласының Қонақбаев секілді чемпион болуын армандаған. Бекзат сол арманды орындап, Сидней Олимпиадасында әлемнің мықтыларын жеңіп, Қазақстанға тарихи алтын медаль сыйлады. Финалда америкалық Рикардо Хуаресті 22:14 есебімен ұтып, түркі жұртының мақтанышына айналды.
Бекзат бокстан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген спорт шебері болды. Ол І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері, 1998 жылғы әлем чемпионатының және 1999 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Өкінішке қарай, Олимпиададан кейін Бекзат ұзақ өмір сүрмеді. 2000 жылдың 31 желтоқсанында, жаңа жылға санаулы минуттар қалғанда, Шымкент қаласы жанындағы Темірлан бекеті маңында автокөлік апатынан қаза болды.
Бекзат Саттархановтың ерлігі мен жеңістері қазақ спорт тарихында мәңгі есте қалды, ал оның өмірі – болашақ спортшыларға үлгі.



