Түркістанда Ясауи ілімі мен ахилік дәстүрін тоғыстырған халықаралық симпозиум басталды
Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қожа Ахмет Ясауи ізімен қолөнершілер (ахилік)» атты халықаралық симпозиум басталды.

Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде «Қожа Ахмет Ясауи ізімен қолөнершілер (ахилік)» атты халықаралық мәдени және ғылыми симпозиум өтіп жатыр. Ауқымды іс-шара түркі халықтарының ортақ рухани мұрасын дәріптеп, дәстүрлі қолөнер мен кәсіби құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Жиынды Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ, Түркия Республикасының Сауда министрлігі, Түркияның Әділет және даму партиясының Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағалығы, Түркістан облысының әкімдігі, Қыршехир Ахи Евран университеті және Ахмет Ясауи ынтымақтастық және даму қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.
Іс-шараның басты мақсаты — түркі әлемінің ортақ құндылықтарын академиялық, мәдени және қоғамдық тұрғыда жан-жақты қарастыру. Сонымен қатар, жиында «ахилік» дәстүрі тек қолөнершілер ұйымы ғана емес, адалдық, әділ табыс, қоғамдық ынтымақ пен кәсіби әдепке негізделген өркениеттік модель ретінде кеңінен талқылануда.

Жиын барысында түркі әлемін рухани тұрғыдан біріктіретін Қожа Ахмет Ясауи мен Ахи Евран ілімдерінің сабақтастығына ерекше мән берілді. Ғалымдардың айтуынша, XII ғасырда Түркістанда бастау алған Ясауи ілімі Анадолы мен Балқан өңірлеріне таралып, кейіннен ахилік жүйесінің қалыптасуына негіз болған.

Анкара Хажы Байрам Вели университетінің профессоры, доктор Месут Каракұлақ жиынның стратегиялық маңызын атап өтті.
«Біздің мақсатымыз — түркі дүниесін рухани және адамгершілік тұрғыдан біріктіретін тұлғаларды жастарға таныту. Ахи Евран — Ахмет Ясауидің тәлімін алған маңызды тұлғалардың бірі. Бұл сабақтастықтың бүгін де жалғасып жатқанын көрсету маңызды», — деді ол.
Ашылу салтанатында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде қолөнер саласын дамыту бағытындағы жұмыстарға тоқталды.

«Бұл іс-шара – өңіріміздің мәдениеті мен өнеріне деген зор құрметтің көрінісі. Қолөнершілердің кәсібін дамытуға және өнімдерін халықаралық деңгейде ілгерілетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Түркістанның туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді», — деді облыс әкімі.
Сондай-ақ, Түркияның Әділет және даму партиясының Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағасы Күршад Зорлу түркі халықтарының тарихи бірлігіне тоқталып, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның сәлемін жеткізді.
«Біз ортақ тарихи мұрамызды ұлықтау үшін бас қосып отырмыз. Мұндай жиындар елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты нығайтады. Елдеріміз арасындағы бауырластық мәңгі жасай берсін», — деді ол.

Жиында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді. Құттықтауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ясауи мұрасын насихаттауға ерекше мән беріп отырғаны атап өтілген.
Сонымен қатар, жиында «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Түркия Республикасы Сауда министрінің орынбасары Махмут Гюржан, Түркияның Астанадағы Бас консулы Мустафа Капучу, ХҚТУ Өкілетті Кеңесінің төрағасы Мухиттин Шимшек және университет ректоры Жанар Темірбекова сөз сөйлеп, өзара ынтымақтастықтың маңызын атап өтті.
Айта кетейік, 1–3 сәуір аралығында өтетін симпозиум аясында ахилік дәстүрі Ясауи ілімімен сабақтастықта қарастырылып, түркі әлемінің ортақ мәдени бірегейлігін айқындайтын ғылыми баяндамалар жасалады.



