Басты жаңалықтар

Жолдар мен су құбырлары қауіпке дайын ба?

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы су тасқыны кезеңіне байланысты жұмыс режимін күшейтіп, республикалық маңызы бар автожолдардағы барлық көпір мен су өткізу құбырларын тазалады. 988 бірлік техника мен арнайы кезекші бригадалар жұмылдырылып, тәулік бойы мониторинг пен патрульдеу жүргізілуде, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Басқарма төрағасы Дархан Иманашев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында 2026 жылғы 30 наурыздағы жағдай бойынша автожолдардағы ахуал тұрақты екенін хабарлады.

«Су тасқыны қаупі бар учаскелер саны 284-тен 184-ке дейін, ал олардың жалпы ұзындығы 206 шақырымнан 83 шақырымға қысқарды. Су жайылу жағдайлары 174-тен 2 жағдайға дейін төмендеді. Бұл қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетеді», – деді Д. Иманашев.

Су өткізу инфрақұрылымын дамыту аясында 2025 жылы барлығы 582 су өткізу құбыры орнатылған. Оның ішінде 162-сі қайта жаңарту жобалары аясында, 54-сі күрделі жөндеу кезінде, ал 366-сы орташа жөндеу барысында жүзеге асырылған. Биыл тағы 201 құбырды жөндеу жоспарланған.

Жаңа қауіпті учаскелер бұрын қауіп тіркелмеген жерлерде де пайда болуы мүмкін. Бұл жер бедеріне, қардың еру қарқынына, температураның күрт ауытқуына және су қоймаларындағы су деңгейіне байланысты. Сондықтан жаңа учаскелерде су жайылу қаупі сақталып, тұрақты бақылауды қажет етеді.

Қазіргі таңда жалпы ұзындығы 25 мың шақырым автожол желісінде 1 429 көпір және 15 458 су өткізу құбыры бар. Су тасқынына дайындық аясында олардың барлығы толық тазартылды, ал еріген суды өткізу үшін 974 құбыр пайдаланылуда.

Су тасқынына қарсы жұмыстарға 988 бірлік техника тартылып, арнайы кезекші бригадалар жасақталған. Барлық қызмет проблемалық учаскелерге жедел шығуға дайын. Ел жолдарындағы ахуал тәулік бойы бақылауда, үздіксіз патрульдеу жүргізіліп, гидрологиялық жағдайдағы кез келген өзгеріске жедел әрекет жасалуда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button