Ресейден алтын мен ақша алып шығуға шектеу қойылды

Ресей билігі елден құнды металдар мен қолма-қол қаражатты әкету тәртібін түбегейлі өзгертті. Президент Владимир Путин 100 грамнан асатын алтын құймаларын және ірі көлемдегі рубльді шетелге шығаруға тыйым салу туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды turkistanlife.kz.
Жаңа ережелер кезең-кезеңімен күшіне енеді. 1 сәуірден бастап жеке тұлғаларға ЕАЭО елдеріне 100 мың доллардан асатын рубльді қолма-қол алып шығуға тыйым салынса, заңды тұлғалар мен кәсіпкерлер үшін валюта әкетуге толық шектеу қойылды. Ал 1 мамырдан бастап алтын құймаларына қатысты шешім күшіне енбек.
Жарлықтың мәтінінде алтынға қатысты талаптар былайша көрсетілген:
«2026 жылғы 1 мамырдан бастап Ресей Федерациясынан жеке тұлғаларға, заңды тұлғаларға және жеке кәсіпкерлерге жалпы салмағы 100 грамнан асатын аффинирленген алтынды құйма түрінде әкетуге тыйым салынсын».
Құжатта бірқатар ерекшеліктер қарастырылған. Алтынды ЕАЭО елдеріне және басқа мемлекеттерге тек Внуково, Шереметьево, Домодедово және Кневичи әуежайлары арқылы, Федералдық пробирлік палатасының арнайы рұқсатымен ғана шығаруға болады. Бұл шаралар елдің алтын-валюта қорын сақтау және ішкі нарықтағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында қабылданып отыр.


