Басты жаңалықтар
Түркістанда жамбы атудан облыстың ашық кубогы өтті
Түркістан қаласындағы жаңа атшабарда Ұлттық спорт күніне орай жамбы атудан ересектер арасында ашық кубок сарапқа салынды.

«Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» мерекесіне арналған байрақты бәсекеде өңірдің ең үздік мергендері бақ сынасты, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Дәстүрлі садақ ату өнерінің «Азия стилі» бойынша өткен жарысқа 16 спортшы қатысып, ат үстіндегі ептілік пен мергендіктің жоғары үлгісін көрсетті. Төл өнерді дәріптеуді мақсат еткен додада қатысушылар нысананы мүлтіксіз көздеп, өзара шеберлік байқасты.

Тартысты өткен бәсеке қорытындысы бойынша Батыр Бексауыт қарсыластарынан оза шауып, чемпион атанды. Жүлделі екінші орынды Айтбек Сарыбай иеленсе, үздік үштікті Үсен Ақберен түйіндеді.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы марапаттарға ие болды. Бұл дода Түркістан өңіріндегі ат спорты түрлерінің жаңа серпінмен дамып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.



