Елімізде бала туу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы көш бастады

2025 жылы Қазақстанда 335 мың сәби дүниеге келсе, туу көрсеткіші бойынша Түркістан облысы алдыңғы қатардан көрінді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, нәрестелердің 51,5 пайызы ұл, 48,5 пайызы қыз, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Ресми дерекке сүйенсек, туудың ең жоғары коэффициенті Түркістан (1 мың тұрғынға шаққанда 22,22 сәби), Маңғыстау (21,40) облыстарында және Шымкент қаласында (21,76) тіркелді. Түркістан облысында 45 мыңнан астам сәби дүние есігін ашқан.
Туу көрсеткішінің негізгі үлесі 25-29 жас аралығындағы әйелдерге – 27%, сондай-ақ 30-34 жас аралығындағы әйелдерге – 26,1% тиесілі.
Былтыр 20 жасқа дейінгі әйелдер 10,4 мың баланы, ал 50 жастан асқан әйелдер 148 баланы дүниеге әкелген. 20 жасқа дейін босанған аналардың саны Түркістан облысында басым болса, 50 жастан асып дүниеге нәресте әкелген аналар саны Алматы қаласында көп.
Былтыр туған балалардың 24% (79,8 мыңы) отбасының тұңғышы атанса, кезек саны бойынша отбасында төртінші болып 53,5 мыңнан астам бала дүниеге келген (жалпы 16%).



