Басты жаңалықтар

Түркістанда көкпардан әлем чемпионаты басталды

17 наурыз  Түркістан қаласындағы жаңа атшабар кешенінде көкпардан әлем чемпионатының ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Дүбірлі додаға әлемнің 9 елінен келген таңдаулы құрамалар қатысуда. Атап айтқанда, Ауғанстан, Қытай, Мажарстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркия және Қазақстан спортшылары әлем чемпионы атағы мен қомақты жүлде қорын өзара сарапқа салады.

Жарыстың салтанатты жиынында мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйым өкілдері құттықтау сөз сөйледі. ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Аманбай Нұрмұханбетов пен Бүкіләлемдік Көкпар қауымдастығының президенті Данияр Қобыландин ұлттық спорттың халықаралық деңгейдегі маңызына тоқталды.

Сондай-ақ, көкпардан Кеңес Одағының 9 дүркін чемпионы, ардагер спортшы Әбілхан Дауылбаев қатысушыларға сәттілік тілеп, бәсекенің әділ өтуіне тілектестік білдірді.

Ауқымды іс-шараны ұйымдастыруға Дүниежүзілік Көкпар қауымдастығы, ҚР Көкпар федерациясы, Ұлттық және ат спорты орталығы мен Түркістан облысының әкімдігі ұйытқы болған. Чемпионаттың жалпы жүлде қоры 30 миллион теңгені құрайды.

Ойындардың кестесі:

17-19 наурыз: Топтық кезең бәсекелері;

20 наурыз: Жартылай финалдық кездесулер;

21 наурыз: Финалдық ойындар мен марапаттау рәсімі.

Айта кетейік, топтық кезеңде үздік нәтиже көрсеткен командалар ғана жартылай финалға жолдама алып, шешуші кезеңде жеңімпаздар мен жүлдегерлер есімдері анықталатын болады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button