«Тұран» футбол клубының ойыншылары референдумда дауыс берді

Түркістан облысындағы маңызды саяси науқанға кәсіби спортшылар да белсенді қатысуда. Бүгін «Тұран» футбол клубының мүшелері Түркістан қаласындағы №133 референдум учаскесіне келіп, өз таңдауларын жасады, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Жасыл алаңда өнер көрсетіп жүрген спортшылар бұл жолы азаматтық жауапкершілік алаңында белсенділік танытты. Олардың қатарында клуб ойыншысы Асқар Сатышов та бар. Кәсіби футболшы ел болашағы үшін дауыс беру әрбір қазақстандықтың парызы екенін атап өтті.
«Бүгін еліміз үшін маңызды күн, сондықтан мен де өз таңдауымды жасауға келдім. Еліміз өркендеп, көркейе берсін! Барша футбол жанкүйерлерін және отандастарымызды бейжай қалмай, өз таңдауын жасауға шақырамын», — деді Асқар Сатышов.
Айта кетейік, Түркістан облысында спорт өкілдерінің саяси белсенділігі жоғары. Бұған дейін де өңірдегі белгілі палуандар мен чемпиондар референдум учаскелеріне барып, дауыс берген болатын. Спортшылардың мұндай қадамы жастар арасында патриоттық рухты нығайтуға септігін тигізеді.



