Қалима Жантөреева: «Бүгінгі күннің саяси маңызы жоғары»

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Қалима Жантөреева референдум учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Саяси ұйым өкілі ел болашағына қатысты маңызды науқанда азаматтық белсенділік танытудың мәніне тоқталды, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Қалима Жантөрееваның айтуынша, референдум бұл мемлекет пен қоғамның даму бағытын айқындайтын маңызды сәт. Ол әрбір азаматтың дауысы елдегі оң өзгерістерге тікелей әсер ететінін атап өтті.
«Бүгінгі күннің саяси маңызы өте жоғары. Қоғамның әрбір мүшесі мұндай шешуші сәтте бейжай қалмай, өз таңдауын жасап, белсенділік танытуы қажет деп санаймын. Қазіргі таңда әлемде үлкен өзгерістер орын алып жатыр. Өркениет пен жаңа дәуірдің талаптарына сай болу үшін біздің саяси шешімдеріміз де нық болуы тиіс», — деді Қалима Жантөреева.
Партия өкілі Түркістан облысы тұрғындарының референдумға қатысу көрсеткіші көңіл қуантатынын және халықтың саяси сауаттылығы мен жауапкершілігі артып келе жатқанын жеткізді.
Айта кетейік, Түркістан облысында референдум учаскелері таңғы сағат 07:00-ден бастап жұмыс істеп тұр. Өңірдегі саяси партиялар мен қоғамдық ұйым өкілдері дауыс беру барысын белсенді бақылап, өздері де таңдау жасауда.



