Қытайға күнбағыс майын жеткізуде Қазақстанның үлесі 36%-ға жетті

Шанхайда өткен «Chinese Grains & Oils Congress 2026» халықаралық конференциясында Қазақстанның Қытай нарығындағы күнбағыс майы экспорты туралы көрсеткіштер жарияланды. ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше Қазақстан Қытайдың жалпы импортында екінші орынды иеленді, деп хабарлайды turkistanlife.kz
«Ұлттық майлы дақылдарды қайта өңдеушілер қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Ядыкар Ибрагимовтың айтуынша, қазақстандық күнбағыс майының Қытай нарығындағы үлесі 36%-ға жеткен. 2025 жылы Қазақстанның май-тоңмай өнімдерінің экспорты 44%-ға өсіп, 440 мың тоннаға жеткен, ал түсім 312 млн АҚШ долларын құрады.
Экспорт өсіміне логистикалық үдерістерді тиімді ұйымдастыру ықпал етті. 2024 жылдың басынан бастап «Қазақстан темір жолы» компаниясы мен қауымдастық Достық–Алашанькоу шекаралық өткелінен өсімдік майын қайта тиеу бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Бұл жүйе Қытай бағыты бойынша жөнелту жоспарының 90%-дан астам орындалуына мүмкіндік берді.
Биылғы наурызда майлы дақылдарды тасымалдаудың жаңа пилоттық жобасы іске қосылып, күнбағыс шротын астық вагондарымен экспорттау жүйесі енгізілді. Жоба бұрыннан тексерілген өсімдік майын жөнелту жүйесінің негізінде жүзеге асып отыр.



