Мұжтаба Хаменеи Иранның Жоғарғы көшбасшысы атанды

Мұжтаба Хосейни Хаменеи Иранның жаңа жоғарғы көшбасшысы болып жарияланды. Бұл туралы елдің жоғарғы көшбасшысын таңдайтын Иран Сарапшылар кеңесі 8 наурыз күні мәлімдеді, деп хабарлайды turkistanlife.kz
56 жастағы Мұжтаба Хаменеи енді Ирандағы ең жоғары саяси әрі діни билікті қолына алып, мемлекеттегі маңызды мәселелер бойынша соңғы шешім қабылдайтын тұлғаға айналды.
Айта кетейік, ол – Иран ислам республикасы тарихындағы үшінші жоғарғы көшбасшы. Елде бұл қызмет алғаш рет 1979 жылғы Ирандағы ислам революциясы нәтижесінде енгізіліп, сол кезде билікке Рухолла Хомейни келген еді. Кейін 1989 жылдан бастап жоғарғы көшбасшы қызметін Әли Хаменеи атқарып келді. Ол биыл 28 ақпанда қайтыс болған.
Осы кезеңде аймақтағы жағдай да күрделене түсті. Иран мен Израиль арасындағы шиеленіс күшейіп, Тегеран қарсы жауап ретінде Израильге және аймақтағы АҚШ әскери базалары орналасқан елдерге зымырандар мен дрондар жібергені хабарланды.
Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның жаңа көшбасшысы ретінде Мұжтаба Хаменеи тағайындалуын қолдамайтынын мәлімдеген. Ал Израиль билігі Иранда жаңа жарияланған көшбасшының тағдыры ауыр болуы мүмкін екенін айтқан.



