Көпбалалы аналарға 8 наурызға біржолғы төлем беріледі

Қазақстанның әр өңірінде көпбалалы аналарға 8 наурыз мерекесіне орай біржолғы әлеуметтік төлем көлемі әртүрлі белгіленді, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Түркістан облысында “Батыр ана”, “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлеріне 8 650 теңге төленсе, Астана қаласында аналарға 10 813 теңге қарастырылған. Шымкент қаласында бұл сома 21 625 теңгені құрайды.
Шығыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында төлем көлемі 15 мың теңге деңгейінде белгіленген. Шығыс Қазақстанда 13 438 көпбалалы отбасы, Маңғыстау облысында шамамен 14 мың ана біржолғы төлем алады.
Ұлытау мен Қарағанды облыстарында төлем көлемі 20 мың теңгеден белгіленсе, Абай облысында 21 625 теңге беріледі. Солтүстік Қазақстан облысы бойынша төлем ең жоғары болып, аналарға 10 айлық есептік көрсеткіш – 43 250 теңге, төрт және одан көп баласы бар отбасыларға 5 айлық есептік көрсеткіш – 21 625 теңге төленеді.
Әлеуметтік төлем әр өңірде халық санымен және қаржы мүмкіндігімен есептеліп, мерекелік қолдау ретінде көпбалалы аналарға ұсынылады.



