80 жаста – ел чемпионы

Жас келе «қозғалу қиын» дейтіндерге кентаулық Есқара Тоқтасынұлы нақты жауап берді. 80-нің сеңгірінен асқан қария Қарағандыда өткен жеңіл атлетикадан ел чемпионатында алтыннан алқа тағып, Қазақстан чемпионы атанды, деп хабарлайды turkistanlife.kz.
Ардагерлер арасындағы жарыста Есқара ақсақал 80+ жас санатында сынға түскен. 400 метрлік қашықтықты 2 минут 51 секундта жүгіріп өткен ол мәре сызығын бірінші болып қиды. Бұл тек спорттық көрсеткіш емес, сексен жаста саптан қалмаған табандылықтың жеңісі. Сондай-ақ, Есқара Тоқтасынұлы — тек спортшы емес, Кентаудың спорт саласын өрге сүйреген майталман маман. Оның өмірі қызыққа толы. Ұзақ жылдар бойы жас спортшыларды баптап, чемпиондар шығарды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. Қолына қалам алып, әдебиет айдынында да еңбек етіп келеді. Бүгінде көптеген жастар үшін Есқара қарияның бұл қадамы нағыз салауатты өмір салтының үлгісі.
«Жас — жүректе» екенін дәлелдеген Кентаудың мақтанышы енді жаңа белестерді бағындыруға ниетті.


