Түркістан облысында тоқтап тұрған өндіріс қайта іске қосылды

Түркістан облысындағы тоқтап тұрған өндіріс орындарына жаңа серпін берілмек. Төлеби ауданына арнайы келген қытайлық делегациямен кездесуде нақты жобаларды қайта тірілту және сыртқы инвестиция көлемін арттыру мәселелері пысықталды, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов Бейжің қаласында орналасқан «Ca Long» компаниясынан арнайы келген делегация өкілдерін қабылдады.

Келіссөз барысында ауданның инвестициялық әлеуеті, экономикалық мүмкіндіктері және басым бағыттары жан-жақты таныстырылды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, туризм, өндіріс және қайта өңдеу салаларындағы жобалар жөнінде кеңінен ақпарат берілді.

Сонымен қатар қытайлық инвесторлар ауданда Кеңес өкіметі кезеңінде жұмыс істеп, қазіргі таңда жұмысын тоқтатқан бірқатар өндірістік орындарға қызығушылық танытты. Аталған нысандарды қайта іске қосу, жаңғырту және жаңа өндірістер ашу мүмкіндіктері талқыланды.
Тараптар инвестициялық ынтымақтастықты дамыту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және өзара тиімді әріптестік орнату мәселелері бойынша пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша ұсынылған жобаларды жан-жақты зерделеп, нақты бағыттар бойынша бірлескен жұмыстар жүргізу жөнінде келісімге келді.



