Түркістандық шаруа жылыжай өнімін 100 тоннаға жеткізген

Түркістан облысындағы жылыжай шаруашылығының орталығы саналатын Сарыағаш ауданында өндіріс қуаты жаңа деңгейге көтерілді, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың Жемісті ауылдық округіне жасаған жұмыс сапары аясында өңірдегі жетекші кәсіпорындардың бірі – «Түймебай» шаруа қожалығының тыныс-тіршілігі таныстырылды. Жылына 100 тоннаға жуық сапалы өнім шығарып, облыстың азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі үлес қосып отырған қожалықтың жұмыс қарқыны мен қолданыстағы агротехнологиялары пысықталып, аудан басшысы тарапынан шаруаның қажырлы еңбегі мен кәсіби біліктілігіне жоғары баға берілді.

Аталған шаруа қожалығының иесі – Бахтияр Қарабаев. Шаруашылықтың жалпы жер көлемі — 2 гектар. Оның ішінде 80 соттық аумақта жылыжай орналасқан. Бүгінде 40 соттық жерге қызанақ, 40 соттық жерге қияр егілген. Нәтижесінде қызанақ алқабынан 65 тонна өнім жиналса, қиярдан 35 тонна өнім алынған.

Кәсіпкер заманауи агротехнологияларды тиімді пайдалану арқылы өнім көлемін арттырып, сапалы көкөніс өнімдерін ішкі нарыққа ұсынуда. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласының дамуына және жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға оң әсерін тигізіп отыр.



