Түркістан облысында 100 жаңа туристік нысан анықталды

Түркістан облысы сәулет және қала құрылысы басқармасы мен туризм басқармасының бірлескен сараптамасы нәтижесінде өңірдегі ең маңызды 100 туристік орын анықталды, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Бұл тізімге Бәйдібек ауданындағы аңызға толы Ақмешіт жерасты үңгірі, Қазығұрттағы «Кеме қалған» монументі, Түлкібастағы ЮНЕСКО мұрасы – «Ақсу-Жабағылы» қорығы мен Отырар төріндегі Арыстанбаб кесенесі секілді киелі де табиғи мекендер енген. Өңірдің сәулеттік келбетін заман талабына сай қалыптастыру мақсатында 2025 жылы облыс әкімінің төрағалығымен 10-нан астам алқалы мәжіліс өтіп, 108 эскиздік жоба жан-жақты талқыланды.

Бұл жобалардың басым бөлігі сәулет және қала құрылысы басқармасы мен Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан зерделенсе, 27 жоба «Тұран» арнайы экономикалық аймағы шеңберінде іске асырылмақ. Бұл қадамдар өңірдің тек туристік қана емес, инвестициялық тартымдылығын да арттыра түспек.

Сонымен қатар, облыс аумағындағы елді мекендерді ретке келтіру мен жоспарлы дамыту ісі де қарқын алды. Бүгінде өңірдегі 801 елді мекеннің 794-і бас жоспармен толық қамтылған. Қалған 7 елді мекеннің құжаттамалық жұмыстары биыл аяқталып, 2026 жылы облыс бойынша бас жоспармен қамту көрсеткіші 100 пайызға жетеді. Бұл жүйелі жұмыстар Түркістан облысының заманауи инфрақұрылымы мен тарихи құндылықтары ұштасқан халықаралық деңгейдегі туристік хабқа айналуына берік негіз қалайды.



