Азия Пара ойындарында қарсыластарын шаң қаптырған қазақстандықтар чемпион атанды

Жапонияда өтіп жатқан V Азия Пара ойындарында отандық спортшылар ел қоржынын медальдармен толықтырып жатыр. Пара дзюдошы Зарина Райфова қарсыластарының бәрін тізе бүктіріп, Азия чемпионы атанды.
Сондай-ақ Қазақстан құрамасы пара садақ ату пен пара жеңіл атлетикадан да жоғары нәтижелерге қол жеткізді.
Қарсыластарын иппонмен ұтқан чемпион
Пара дзюдодан J2 санатында (+70 келі) өнер көрсеткен Зарина Райфова айналмалы жүйе бойынша өткен бәсекеде қарсылас шақ келтірмеді. Іріктеу кезеңінде ол Қытай, Үндістан және Өзбекстанның мықты спортшыларын иппонмен таза жеңіп, чемпиондық тұғырға көтерілді.
Пара садақ атудағы тарихи жүлде
Қазақстан құрамасы пара садақ атудан да үздіктер қатарынан көрінді. Ерлер арасындағы W1 класы бойынша жұптық сында Темірлан Сейітқамал мен Нұршат Төлеуқасым финалға дейін жетіп, Азия Пара ойындарының күміс медалін қанжығаға байлады.
Жеңіл атлетика: жаңа рекордтар мен жүлделер
Пара жеңіл атлетика бәсекесінде де ел намысын қорғаған спортшылар жоғары нәтиже көрсетті:
-
Күміс жүлде: Ұзындыққа секіруден (T13 класы) Ислам Сәлімов 6,30 метр нәтижемен екінші орын алды.
-
Қола жүлде және жеке рекорд: Ядро итеруден (F53 класы) Махамбет Серікқалиев 6,81 метр нәтиже көрсетіп, жеке рекордын жаңартты және қола жүлдегер атанды.
Бұған дейін пара велоспорттан Қазақстан құрамасы екі алтын мен бір күміс жүлде жеңіп алған болатын.



