Терроризмнің құрбаны болған екі азаматтың ерлігі туралы деректі фильм таныстырылды
Түркістанда терроризмнің зардабы мен ел қауіпсіздігі жолында қаза тапқан азаматтардың ерлігін баяндайтын екі деректі фильм таныстырылды.

«Turan Mall» сауда орталығында «Тағдырды талқандаған – терроризм» және «Қаралы күннің қаһарманы» фильмдерінің көрсетілімі өтті. Туындының бірінде Ақтөбедегі террористік акт кезінде қаза тапқан сарбаз Досбол Сапар, екіншісінде Алматыдағы лаңкестік оқиғада қызметтік міндетін атқару кезінде көз жұмған полиция лейтенанты Мейрамбек Рахматуллаевтың ерлігі баяндалады.
Фильмдерді Түркістан облысы дін істері басқармасына қарасты «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» «Күлтөбе» медиа студиясы әзірлеген.
Таныстырылымда қаза тапқан азаматтардың ата-аналары естеліктерімен бөлісті. Іс-шараға мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері, әскери қызметшілер қатысты.
Жобаның мақсаты – жастарға терроризмнің қауіптілігін түсіндіру, радикалды идеологияның алдын алу және ел қауіпсіздігі жолында қаза тапқан азаматтардың ерлігін дәріптеу.



