Басты жаңалықтар

2027 жылдан жәрдемақы алу тәртібі өзгереді: кімдерге әсер етеді?

Қазақстанда мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау және төлеу тәртібіне өзгерістер енгізіледі. Жаңа талаптар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Үкімет 2026 жылғы 5 қазанда мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау, төлеуді уақытша тоқтату және қайта бастау тәртібін бекітетін №870 қаулы қабылдады.

Жаңа тәртіп жәрдемақының бірнеше түріне қатысты.

Қандай жәрдемақылар қамтылады?

Өзгерістер мына төлемдерге қатысты:

  • бала туған кезде берілетін біржолғы жәрдемақы;
  • бала 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтіміне байланысты жәрдемақы;
  • төрт және одан да көп баласы бар көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне және басқа да көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы;
  • мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы;
  • асыраушысынан айырылған жағдайда берілетін жәрдемақы;
  • арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;
  • бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақы;
  • мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға, асырап алушыға немесе қамқоршыға берілетін жәрдемақы;
  • арнаулы кәсіптік мемлекеттік жәрдемақы.

Отбасының жағдайы да ескеріледі

Жаңа тәртіп бойынша жәрдемақылардың басым бөлігі мен жерлеуге берілетін біржолғы төлемді тағайындау кезінде адамның немесе отбасының әлеуметтік жағдайы бағаланады.

Бұл үшін кәмелетке толған отбасы мүшелерінің дербес деректерін жинауға және тексеруге келісімі қажет болуы мүмкін.

Бағалау кезінде адамның қаржылық жағдайына қатысты мәліметтер, оның ішінде банк және заңмен қорғалатын басқа ақпарат, кредит бойынша берешек, ай сайынғы төлемдер мен мерзімі өткен қарыздар туралы деректер пайдаланылуы мүмкін.

Алайда бұл талап барлық жәрдемақыға бірдей қолданылмайды. Мысалы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен «Батыр ана» атағын алған әйелдерге берілетін жәрдемақыға әлеуметтік жағдайды бағалау қолданылмайды.

Қай кезде жәрдемақы уақытша тоқтатылуы мүмкін?

Жаңа қаулыда төлемді уақытша тоқтататын жағдайлар да көрсетілген.

Мысалы, банк шотында үш ай немесе одан да көп уақыт бойы шығыс операциялары болмаса, жәрдемақы төлеу уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Сондай-ақ азаматтың Қазақстаннан тұрақты тұруға кетуі, бас бостандығынан айырылуы немесе толық мемлекеттік қамсыздандырудағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тұруы да төлемнің тоқтауына себеп болуы мүмкін.

Кей жағдайда құжаттардың қолданылу мерзімі аяқталса немесе азамат із-түзсіз жоғалған деп танылса да төлем тоқтатылады.

Төлемді қайта алуға болады

Егер жәрдемақыны тоқтатуға себеп болған жағдай жойылса, төлем қайта басталуы мүмкін.

Ол үшін азамат өтініш беріп, қажетті құжаттарды ұсынуы керек. Кейбір мәліметтер цифрлық жүйелер арқылы да тексеріледі.

Мысалы, көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақыға қатысты маңызды талап бар.

Егер 18 жасқа толған бала күндізгі бөлімде оқуын жалғастырса, төлем 23 жасқа толғанға дейін жалғасуы мүмкін. Бұл үшін бала жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуы керек.

Қандай жағдайда төлем толық тоқтайды?

Жәрдемақы алушының немесе төлем балаға байланысты берілсе, баланың қайтыс болуы төлемді тоқтатуға негіз болады.

Бұдан бөлек, бала толық мемлекеттік қамсыздандыруға алынған жағдайда, жәрдемақы алу үшін жалған мәлімет берілгені анықталса, ата-ана құқығынан айырылу немесе шектелу, бала асырап алудың күшін жою және Қазақстан азаматтығының тоқтатылуы да төлемнің тоқтауына себеп болады.

Мүгедектік бойынша жәрдемақыға да қатысты

Мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы да жаңа тәртіппен реттеледі.

Төлем банк шотында үш айдан астам шығыс операциялары болмаған жағдайда, қажетті құжаттардың мерзімі аяқталса немесе алушы Қазақстаннан тұрақты тұруға кетсе, уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Ал жалған мәлімет берілгені немесе азаматтың шетелде мүгедектік бойынша зейнетақы алып отырғаны анықталса, төлем тоқтатылуы мүмкін.

Күтім жасайтын адамдарға қойылатын талаптар

Бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға берілетін жәрдемақы да жаңа қаулыға енгізілген.

Оның төлемі күтім жасаушының немесе мүгедектігі бар адамның шетелге тұрақты тұруға кетуі, құжаттарының мерзімі аяқталуы немесе банк шотында үш айдан астам операция болмауы сияқты жағдайларда уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Ал күтім жасаушы немесе мүгедектігі бар адам қайтыс болған жағдайда, азаматтар шетелге тұрақты тұруға кеткенде немесе жәрдемақы алушының өзі төлемнен бас тартқанда төлем тоқтатылады.

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырғандарға да өзгеріс бар

Мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған ата-анаға, асырап алушыға немесе қамқоршыға берілетін жәрдемақыға да жаңа талаптар енгізіледі.

Банк шотында үш айдан астам операция болмауы, алушының шетелге тұрақты тұруға кетуі, бас бостандығынан айырылуы, баланың толық мемлекеттік қамсыздандыруға алынуы немесе құжаттардың мерзімі аяқталуы төлемнің уақытша тоқтатылуына себеп болуы мүмкін.

«Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлерінің жәрдемақысы

«Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған әйелдерге берілетін жәрдемақыға да жаңа тәртіп қолданылады.

Төлем үш айдан астам уақыт бойы банк шотында операция болмаған жағдайда немесе алушы шетелге тұрақты тұруға кеткенде уақытша тоқтатылуы мүмкін.

Ал мемлекеттік наградадан айырылу, жалған мәлімет беру, Қазақстан азаматтығының тоқтатылуы немесе алушының қайтыс болуы төлемнің толық тоқтатылуына негіз болады.

Жерлеуге берілетін төлем де нақтыланды

Жаңа қаулыда жерлеуге берілетін біржолғы төлемнің тәртібі де көрсетілген.

Жасына байланысты зейнетақы немесе мемлекеттік базалық зейнетақы төлемін алып жүрген адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына немесе жерлеуді ұйымдастырған адамға біржолғы төлем беріледі.

Оның мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 35 еселенген мөлшеріне тең.

Ал қайтыс болған адам Ұлы Отан соғысының ардагері болса, жерлеуге берілетін төлем 36,6 АЕК мөлшерінде белгіленген.

Жаңа тәртіп қашан күшіне енеді?

Үкіметтің №870 қаулысы 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Осы күннен бастап мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау, төлеуді уақытша тоқтату, қайта бастау және толық тоқтату бойынша жаңа талаптар қолданылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button