Әлеуметтік желідегі балағат пен дәлелсіз ақпарат үшін 600 мың теңгеге дейін айыппұл төлеуге тура келуі мүмкін

Әлеуметтік желілерде адамның суретін келісімсіз жариялау және балағат сөздер жазу сотқа жүгінуге толық негіз болады. Жоғарғы сот Instagram-дағы жарияланымдар мен WhatsApp-тағы хабарламалар моральдық зиянды өндіруге себеп болған екі нақты іс туралы айтып берді.
Өскемен қаласында екі адам Instagram желісінде өзге азаматтың суретін рұқсатсыз жариялап, астына балағат сөздер мен дәлелсіз айыптаулар жазған. Олар сотта бұл әрекеттерін «жеке пікіріміз» деп түсіндіруге тырысқанымен, сот бұл уәжбен келіспеді. Нәтижесінде екі жауапкердің әрқайсысынан моральдық зиян үшін 300 мың теңгеден және сот шығындары өндірілді.
Тағы бір істе Астана тұрғынының фотосын келісімсіз WhatsApp чаттарына таратқан екі әйелдің әрқайсысынан 20 мың теңгеден өтемақы өндірілген. Мамандардың айтуынша, «жеке пікір» деген уәж адамға қатысты дәлелсіз нақты айыптаулар мен балағат сөздер үшін жауапкершіліктен ешкімді босатпайды.


