Басты жаңалықтар

Ақшаңызды желге ұшырмаңыз

Сапасыз тауар немесе қызмет үшін төлемді қалай қайтаруға болады?

Күнделікті өмірде сәтсіз саудадан ешкім сақтанбаған. Біріміз сапасыз затты көргенде құқығымызды батыл талап етсек, екіншіміз «жүйкемді тоздырмайын» деп үнсіз қаламыз. Егер сіз екінші топқа жатсаңыз, демек өз құқығыңызды толық білмейсіз. Сатушының сізге ақшаны қайтарып беруге міндеттейтін ҚР заңнамасындағы ең маңызды ережелерді ұсынамыз.

Сапалы тауарды да қайтаруға болады! (Бірақ 14 күн ішінде)

Егер сіз алған киім немесе аяқ киім үйге келгенде ұнамай қалса, түсі, өлшемі немесе стилі сәйкес келмесе – оны 14 күн ішінде дүкенге өткізіп, ақшаңызды толық қайтарып алуға құқығыңыз бар. Басты шарт, тауар пайдаланылмаған, тауарлық түрі сақталған және қолыңызда фискалдық түбіртек (чек) болуы керек.

Мына тауарлар қайтарылмайды: Дәрі-дәрмектер, іш киімдер, шұлықтар, метрлеп сатылатын тауарлар (мата, кабель және т.б.), өсімдіктер, жануарлар және ұялы телефондар.

Егер сатушы тауарды бірден айырбастай алмаса не істеу керек?

Егер сіз барған кезде дүкенде ауыстырып беретін басқа тауар болмаса, сатушы сіз талап қойған күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде тауарды тауып беруі немесе ақшаңызды қайтаруы тиіс.

Сараптама шығынын кім төлейді?

Егер тауардың сапасына қатысты дау туындаса, сараптаманы сатушы өз есебінен жасатады. Сіз де сараптама процесіне қатыса аласыз. Ескерту, егер сараптама тауардың бұзылуына тұтынушының өзі кінәлі екенін (мысалы, дұрыс қолданбаған) анықтаса, онда сараптама мен тасымалдау шығындарын сатып алушы ретінде өзіңіз төлеуге мәжбүр боласыз.

Чек жоғалып қалса не істеу керек?

Түбіртектің жоғалуы – тауарды қайтаруды қиындатады. Сондықтан, сауда жасаған сәтті немесе өнімнің өзін дүкен ішінде суретке/видеоға түсіріп алыңыз. Дүкендерде суретке түсіруге заңмен тыйым салынбаған. Бұл кейін чек болмаса да, сатып алу фактісін дәлелдеуге көмектеседі. Кепілдік талондарын әрдайым сақтаңыз. Егер кепілдік мерзімі көрсетілмесе, заң бойынша тауарды сатып алған күннен бастап 2 жыл ішінде қайтаруға құқығыңыз бар.

Құқығыңыз бұзылса, қайда хабарласасыз?

Егер сатушы ақшаңызды қайтарудан үзілді-кесілді бас тартса, Түркістан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне хабарласыңыз:

  • Жедел желі телефондары:
    • +7 771 322 8282
    • +7 700 606 0071
    • +7 775 224 5616
  • Өтініш беру жолдары: «e-Gov.kz», «е-Otinish» жүйелері арқылы немесе «Қазпошта» АҚ арқылы жазбаша жолдауға болады.
  • Қабылдау бөлмесінің мекенжайы: Түркістан қаласы, Жаңа қала мөлтек ауданы, 32-көше, 16-ғимарат, А корпусы, 427-кабинет.

Басқа жаңалықтар

Back to top button