Оқырманға жаңа мүмкіндік
«Фараб» кітапханасы енді жасанды интеллектпен жұмыс істейді

Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының қайта құрылғанына биыл 5 жыл толды. Осы уақыт ішінде кітапхана ұжымы 2 мыңға жуық мәдени-рухани іс-шара ұйымдастырған. Бұл туралы кітапхана директоры Жанат Шардарбекова баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Мерейтой аясында кітапханада бірнеше цифрлық жоба іске қосылмақ. Атап айтқанда, жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін «ZerdeAI» виртуалды көмекшісі, кітапхананың 360 градустық виртуалды туры және «FaraQuiz» интеллектуалдық платформасы көпшілікке таныстырылады.
15 шілдеде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға арналған «Тұран – достық бастауы» халықаралық мәдени-рухани кездесуі өтеді. Бағдарлама аясында халықаралық кітап көрмесі ұйымдастырылып, кітапхана ісін цифрландыру, халықаралық тәжірибе және кәсіби ынтымақтастық мәселелері талқыланатын семинар өткізіледі.

Сол күні Созақ ауданындағы «Жұмбақ тау» кешенінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қуаныш Оспанның қатысуымен «Ай сәулесіндегі өлең…» поэзиялық кеші ұйымдастырылады.
Мерейтойлық аптаның қорытындысы 16 шілдеде өтетін «Бес жыл – бес белес» салтанатты жиынында жасалады. Іс-шара барысында кітапхананың бес жылдық жетістіктері таныстырылып, сала үздіктері «Оқитын өлке», «Жыл кітапханашысы» және «Алтын формуляр» номинациялары бойынша марапатталады.

Брифингте сөз сөйлеген Қазақстан Жазушылар одағы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Айдар Сейдазым өңірде «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында кітап оқу марафондары, әдеби кездесулер мен оқырмандар конференциялары тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқанын айтты. Оның айтуынша, жобаның басты мақсаты – жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттырып, қоғамдағы оқу мәдениетін дамыту.



