Басты жаңалықтар

Түркістанға қызығушылық артты

Соңғы 8 жылда Түркістан облысына 2,5 миллионнан астам турист келіп, өңірдің тарихи-мәдени нысандарын 10 миллионнан астам біркүндік келуші тамашалаған. 2018 жылы өңірге 186,2 мың турист келсе, 2025 жылдың қорытындысымен бұл көрсеткіш 500 мың адамға жетіп, 2,5 есеге артты.


2025 жылы орналастыру орындарында 347,8 мың адам демалса, оның 325 мыңы – отандық, 22,5 мыңы шетелдік туристер. Табиғи аумақтарға келушілер саны 151,9 мың адамға жетті. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында демалушылар саны 87,1 мың адамды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42 пайызға өсті.


Туризм саласына тартылған инвестиция көлемі облыс құрылғаннан бері 612 млрд теңгеден асып, 19,2 мың жаңа жұмыс орны ашылды. 2025 жылы салаға 133 млрд теңге инвестиция құйылса, биылғы 5 айда бұл көрсеткіш 36,3 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 есеге артқан.


Өңірде туристік инфрақұрылым да қарқынды дамып келеді. Түркістан қаласында «Керуен Сарай» туристік кешені мен 5 жұлдызды «Rixos Turkistan» қонақ үйі пайдалануға берілсе, Төлеби ауданында «Alma-Tau» қонақ үй кешені іске қосылды.


Қазіргі таңда облыста 264 орналастыру орны жұмыс істейді. Бұл көрсеткіш 2018 жылмен салыстырғанда екі есеге өскен. Ал көрсетілген туристік қызмет көлемі 2025 жылы 8,5 млрд теңгені құрап, соңғы жылдары 7 есеге ұлғайды.

Түркістан облысында туризмді дамыту, инвестиция тарту және инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button