Турист адасса, кім көмектеседі?
Түркістанға келсеңіз, біліп жүріңіз — бұл қалада туристер үшін арнайы туристік полиция қызметі жұмыс істейді.

Қала ішінде адасып қалдыңыз ба, бағыт таба алмай тұрсыз ба немесе бір затыңызды жоғалтып алдыңыз ба? Ондай жағдайда туристік полиция қызметкерлерінен кез келген уақытта көмек сұрауға болады.
Бүгінде Түркістанға әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келеді. Бірі Қожа Ахмет Ясауи кесенесін зиярат етсе, енді бірі «Керуен сарайды» тамашалап, көне шаһардың ерекше атмосферасын сезінгісі келеді. Қала қонақтарының өзін қауіпсіз әрі еркін сезінуі үшін туристік полиция тәулік бойы қызмет атқарады.

Оларды көбіне «Әзірет Сұлтан» қорық-музейі маңынан, туристер көп жиналатын орындардан кездестіруге болады. Ерекше формадағы бұл қызметкерлер тек қоғамдық тәртіпті бақылап қана қоймайды. Олар туристерге бағыт көрсетеді, қажет кезде аудармашы болады, жоғалған заттарды іздеуге көмектеседі.
Түркістан қалалық полиция басқармасының инспекторы, полиция лейтенанты Мұсахан Нұрсенім Досалыұлы туристерге арнайы кеңес береді.
— Түркістанға келген қонақтарға ең алдымен құжаттары мен жеке заттарына мұқият болуға кеңес береміз. Бейтаныс адамдарға сеніп, заттарын қараусыз қалдырмаған дұрыс. Егер қандай да бір көмек қажет болса немесе бағыттан жаңылса, бірден туристік полиция қызметкерлеріне жүгінгені жөн. Біз әрдайым көмектесуге дайынбыз, — дейді лейтенант.

Оның айтуынша, туристер көбіне тарихи орындардың бағытын, жұмыс уақытын немесе қала ішіндегі жолдарды сұрайды. Ал шетелдік қонақтармен тіл табысуда ағылшын және түрік тілдері жиі көмектеседі.
Қызмет барысында есте қалатын оқиғалар да аз емес. Соның бірі — туристік топтан адасып қалған 85 жастағы шетелдік қария. Абыржып тұрған қарияға Мұсахан түрік тілінде тіл қатып, қажетті көмекті ұйымдастырған. Өз ана тілінде сөйлескеніне қуанған қария алғысын білдіріп кеткен.
Бүгінде туристік полиция — Түркістанның қонақжай келбетінің бір бөлігіне айналды. Өйткені олар тек тәртіп сақшысы емес, қала қонақтарына алғашқы көмек қолын созатын жандар.
Сондықтан Түркістанға жолыңыз түссе, біліп жүріңіз: бұл қалада сіздің қауіпсіздігіңіз үшін арнайы туристік полиция қызмет етеді.



