Басты жаңалықтар

Түркістанға теңіз жаяу әскерлері оралды

44 сарбаз запасқа шығарылды

Түркістан қаласының теміржол вокзалында Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің теңіз жаяу әскерлері бригадасында мерзімді әскери қызметін өтеген 44 сарбазды салтанатты қарсы алу рәсімі өтті, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Салтанатты іс-шараға әскери басқару органдарының өкілдері, Қарулы күштердің ардагерлері және сарбаздардың туған-туыстары қатысты. Қарсы алу рәсімі әскери оркестрдің сүйемелдеуімен өтті.


Іс-шара барысында облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы полковник Әділет Утарбаев сарбаздардың қызметін жоғары бағалап, олардың тәртіп пен антқа адалдық үлгісін көрсеткенін атап өтті.

«Сіздер әскери борыштарыңызды абыроймен атқарып, тәртіп, батылдық және антқа адалдықтың үлгісін көрсеттіңіздер. Алған тәжірибелеріңіз алдағы өмірлеріңізде өз пайдасын тигізетініне сенімдімін», – деді полковник.


Өз кезегінде әскери қызметшілер де қызмет барысында қолдау көрсеткен командирлеріне алғыс білдірді.

Гвардия қатардағы жауынгері Алихан Ергешбай:

«Әскери қызмет бізді жауапкершілікке, өзара көмекке және тәртіпке үйретті. Біз тек кәсіби дағдыларды ғана емес, нағыз достар таптық», – деді.


Айта кетейік, мерзімді әскери қызметін өткерген азаматтарға бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған. Олар ҰБТ тапсырмай жоғары оқу орындарына түсуге және жауынгерлік дайындықта жоғары нәтиже көрсеткен жағдайда білім гранттарын иеленуге мүмкіндік алады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button