РЕФЕРЕНДУМҒА ҚАТЫСУ: ДАУЫС БЕРУ ОРНЫН ӨЗГЕРТУ ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ?

2026 жылғы 15 наурызда өтетін республикалық референдум күні еліміздің кез келген азаматы белгілі бір себеппен өзінің дауыс беру учаскесі орналасқан тұрғылықты жерінде дауыс бере алмаса, немесе тұрғылықты жерін өзгерткен жағдайда, республикалық референдумда басқа учаскеде дауыс беру үшін тіркелген учаскелік референдум комиссиясынан есептен шығару куәлігін ала алады.

Есептен шығару куәлігі 2026 жылғы 27 ақпаннан бастап 14 наурыз күні сағат 18:00-ге дейін беріледі.
Дауыс беру кезінде азамат есептен шығару куәлігін және жеке басын куәландыратын құжатын ұсынады. Қажет болған жағдайда электрондық нұсқасын көрсетуге де болады. Учаскелік референдум комиссиясы азаматты республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне енгізіп, дауыс беруге арналған бюллетень береді. Есептен шығару куәлігі бір рет қана пайдаланылады және дауыс берген учаскеде қалады. Жоғалған есептен шығару куәліктері қалпына келтірілмейді. Есептен шығару куәлігі бір елді мекен шегінде орналасқан басқа учаскеде дауыс беруге қатысқысы келетін азаматтарға берілмейді.
Осы орайда, Түркістан облысының азаматтары өзінің дауыс беретін учаскесін облыстық референдум комиссиясының https://referendum.iturkestan.kz/ ресми сервисі арқылы біле алады.
Telegram желісіндегі https://t.me/referendum_iturkestan_bot арқылы ЖСН тере отырып, өз учаскесін білуге мүмкіндік бар. Сондай-ақ облыста «109-бірыңғай» Call-орталығы арқылы да референдум учаскеңіздің мекен-жайы туралы біле аласыз. Аудан, қалаларда «сенім телефондары» іске қосылып, жауапты адамдар бекітілген.



