Мемлекет басшысы Power International Holding компаниясының басшылығымен кездесті

Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қатардың ірі инвестициялық холдингі — Power International Holding (PIH) компаниясының басшылары Муатаз Әл-Хаят пен Рамез Әл-Хаятты қабылдады. Кездесу барысында екіжақты инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету және Қазақстан аумағында бірлескен ауқымды жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Әңгімелесу барысында энергетика және телекоммуникация салаларында бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру перспективасы қарастырылды.
Президенттің айтуынша, газ өңдеу, тасымалдау және қуат өндіру салалары Қазақстан мен Қатар арасындағы инвестициялық ықпалдастықтың негізі саналады. Бұл бағыттағы ауқымды жобалар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне елеулі үлес қосып келеді.
Мемлекет басшысына PIH компаниясының телекоммуникация нарығындағы қызметін кеңейту жоспары баяндалды. Холдинг мұны Mobile Telecom Service (Tele2) байланыс операторын сатып алу келісімшарты аясында іске асырмақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев компания осы арқылы телекоммуникация инфрақұрылымын жаңғыртуға, қызметтің сапасы мен халыққа қолжетімділігін арттыруға септігін тигізетініне сенім білдірді.
Кездесу соңында Қазақстан Президенті мен PIH компаниясының басшылары өзара ықпалдастықты одан әрі жандандырып, перспективті инвестициялық жобаларды іске асыруға бейіл екенін растады.



