Шардара ауданына 60 миллиард теңгеге жуық инвестиция тартылды

Өткен жылы ауданның негізгі капиталы 56,6 миллиард теңгемен толықты. Іске қосылған 6 жаңа жобаның арқасында 145 тұрғын тұрақты жұмысқа орналасты. Биыл кәсіпкерлер тағы 5 ірі жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Олардың қатарында «SER-KUN» балық кептіру цехы, «Медина» ЖК ет өнімдерін терең өңдеу және мал бордақылау сынды кәсіпорындар бар. Сондай-ақ, былтыр ауданда 26,2 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімі өндірілген. Бұл негізінен балық өңдеу, мақта және күріш өңдеу, электр энергиясын өндіру саласында.
Сонымен қатар, аудан аумағында өткен жылы 58 000 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, 73,4 миллиард теңге көлемінде өнім алынған. Шаруалар 6 070,1 гектарға су үнемдеу технологиясын орнатқан. Оның ішінде, 5 990,1 гектар жерге — тамшылатып суғару, 80 гектар жерге — жаңбырлатып суғару жүйесі енгізілген.

Бұдан бөлек, былтыр ауданда 55,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Сондай-ақ, өткен жылы көпқабатты 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы аяқталған. Бүгінде оның ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Ал, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында есепті кезеңде 5 411 азамат жұмыспен қамтылды. Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасы аясында 1 161 жаңа жұмыс орны ашылған.

Инфрақұрылыммен қамту бойынша Шардара ауданындағы 22 елді мекеннің 20-сы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Екі елді мекеннің (Бозай, Бимырза) халық санының аздығына және ауыл округтерінен шалғай орналасуына байланысты тұрғындармен келісім хаттамасы түзілген. Ал, табиғи газбен аудан тұрғындарының 98 пайызы қамтылған. Былтыр «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен аудандағы 15 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы көшелердің үлесі 91,6 пайызды құрап отыр.



