Түркістанда қазақ–өзбек су ынтымақтастығы бойынша бірлескен жұмыс топтары отырысы өтті

Түркістан қаласында Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы су саласындағы ынтымақтастықты тереңдету бойынша бірлескен жұмыс топтарының отырыстары өтті. Жиында су және су-энергетикалық өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары талқыланды.
Отырысқа ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев және Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысты.
Тараптар «Достық» мемлекетаралық каналын тазалау және жөндеу жұмыстары, су үнемдеу технологияларын енгізу, тәжірибе алмасу және Сырдария өзенінде автоматтандырылған гидробекеттер орнату мәселелерін қарастырды. Биыл өзен бойында әр ел аумағында бес-бестен жалпы он гидробекет орнату жобасы іске аса бастайды. Жоба Германияның GIZ ұйымының қолдауымен әзірленген.
Нұржан Нұржігітов екі ел арасындағы су нысандарын бірлесіп басқару жөніндегі үкіметаралық келісімнің тарихи маңызын атап өтіп, бұл құжат Орталық Азиядағы су дипломатиясын күшейтуге ықпал ететінін айтты.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров вегетациялық кезеңде судың тұрақты берілуі өңірдің 575 мың гектар суармалы алқабына шешуші маңызға ие екенін жеткізді. Сондай-ақ ол өңірде су үнемдеу технологияларын енгізу және энергетикалық жобалар іске асырылып жатқанын атап өтті.



