Түркістанда Ислам институты ашылды

Түркістан қаласында қазақстандық имамдардың білімін жетілдіруге бағытталған Ислам институты ашылды. Салтанатты шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпенов және ел ағалары қатысып, көпшілікті құттықтады.
Жиында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дәстүрлі исламды дәріптеу және оның ғылыми-теориялық негізін дамыту жөніндегі тапсырмасына тоқталып, жаңа институт осы бағыттағы маңызды бастама екенін айтты. Оқу орны заманауи материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы институт шәкірттерімен кездесіп, дәріс оқыды.
Институтта 90 орындық оқу ғимараты, 40 орындық кітапхана, 45 орындық асхана және 1250 шаршы метр аумақта жатақхана бар. Қазір облыста 745 мешіт пен 1400-ден астам дін қызметкері жұмыс істейді. Жаңа оқу орны имамдардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді.



