Үйлі болам деген аруларға сүйінші: «Ұмай» бағдарламасы қайта басталды
Қазақстанда қыз-келіншектерге арналған «Ұмай» тұрғын үй бағдарламасына өтінім қабылдау кезеңі басталды.«Отбасы банк» хабарлағандай, Азия даму банкі бұл кезеңге 20 миллиард теңге бөлген.

Несиелендіру шарты бойынша жылдық сыйақы мөлшерлемесі 14,8 пайызды құрайды, ал жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 16,3 пайыздан 16,8 пайызға дейінгі аралықта белгіленген.
Бағдарлама аясында берілетін қарыздың ең жоғары сомасы 50 миллион теңгеге дейін жетсе, несие мерзімі 6 айдан 25 жылға дейінгі уақытты қамтиды.
Қарыз алушылар бастапқы нарықтан, құрылысы жүріп жатқан нысандардан немесе қайталама нарықтағы баспаналардан пәтер таңдай алады. Сонымен қатар бағдарлама арқылы тұрғын үйді жөндеу жұмыстарына 15 миллион теңгеге дейін қарыз қарастырылған.
Бастапқы жарна мөлшері баспана орналасқан аймаққа байланысты сараланады. Астана мен Алматы қалаларынан баспана алатын азаматтар үшін бастапқы жарна тұрғын үй құнының кемінде 20 пайызын құраса, Шымкент қаласы мен өзге де облыстарда бұл көрсеткіш 15 пайыздан кем болмауы тиіс.
Есептеу барысында банк баспананың келісімшарттағы бағасы мен ресми бағалау құнының қайсысы төмен болса, соны негізге алады.
Қатысушыларға қойылатын басты талаптардың бірі — соңғы 6 айдағы ресми табыс пен зейнетақы аударымдарының болуы. Сондай-ақ отбасының орташа айлық таза табысы 1 250 000 теңгеден аспауы шарт.
Өтінімдерді «Отбасы банк» ресми сайтындағы бейнеқызмет арқылы онлайн, ресми кеңесшілер көмегімен немесе банк бөлімшелеріне тікелей бару арқылы тапсыруға болады.



