Түркістан облысында мақта өңдейтін тағы 2 зауыт іске қосылды: «TURAN» АЭА-да 17 миллиардтық жоба толық жүзеге асты

Түркістан облысы, Отырар ауданында «Түркістан тоқыма» ЖШС-нің тағы екі мақта өңдеу зауыты пайдалануға берілді. Былтыр ашылған алғашқы екі кәсіпорынды қосқанда, бұл кешендегі барлық 4 зауыт толық қуатында жұмысын бастады.
Жаңа өндіріс орындарының салтанатты ашылуына облыс әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, өңірде толық өндірістік тізбекті қамтитын мақта-тоқыма кластерінің сәтті қалыптасып келе жатқанын атап өтті.
Жаңа зауыттар «TURAN» арнайы экономикалық аймағының 76,2 гектар аумағында орналасқан. Төрт зауыттың құрылысына салынған инвестицияның жалпы көлемі 17,129 млрд теңгені құрады.
• Төрт кәсіпорын жылына 320 мың тонна мақта шикізатын өңдеп, 110 мың тонна мақта талшығын шығаруға қауқарлы.
• Зауыттарда мақтаны қабылдау, тазалау, кептіру, талшықты тұқымнан ажырату, престеу және қаптау кезеңдерін қамтитын озық қытайлық технологиялар орнатылған.
• Жоба аясында жергілікті тұрғындар үшін 100-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылды.
Өңірде бұл сияқты өндіріс орындарының ашылуы мақта шикізатын шикілей экспорттамай, ел ішінде терең өңдеп, жоғары қосылған құны бар дайын өнім шығаруға зор мүмкіндік береді.



