Жетісайда мереке қарсаңында 150 орындық жаңа мәдениет үйі пайдалануға берілді

Республика күні қарсаңында Жетісай ауданының Жылы су ауылдық округінде заманауи үлгідегі жаңа мәдениет үйі салтанатты түрде ашылды. Іс-шараға аудан әкімі Серік Мамытов арнайы қатысып, ауыл тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.
Өткен жылы іргетасы қаланған бұл ғимарат толықтай заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген. 5 мыңға жуық тұрғыны бар ауыл үшін бұл нысан нағыз рухани-мәдени орталыққа айналайын деп тұр. Жаңа мәдениет үйінде 6 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылды.
Жаңа нысанның мүмкіндіктері:
-
Заманауи көрермен залы: 150 орынға арналған кең зал, кез келген деңгейдегі іс-шараларды өткізуге арналған кәсіби музыкалық аппаратуралар мен үлкен LED экранмен жабдықталған.
-
Бай кітапхана: 10 мың кітап қоры бар және бір мезетте 18 оқырманға қызмет көрсете алатын заманауи кітапхана жұмыс істейді.
-
Спорттық инфрақұрылым: Тұрғындар үшін үлкен тенниске арналған арнайы корт қарастырылған.
Аудан әкімі Серік Мамытов өз сөзінде мәдениет пен спорт саласын қолдау — өскелең ұрпақтың сапалы ортада өсуінің кепілі екенін ерекше атап өтті.
Соңғы 4 жылда ауданда Қ.Сәтпаев, Мырзашөл, Атақоныс және Қазыбек би ауылдық мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өткен болатын. Алдағы уақытта Жетісай қаласын ұлғайтуға бөлінген 80 гектар аумақта заманауи кітапхана, музей және мәдениет сарайын салу жоспарланып, тиісті жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленді. Сонымен қатар, Асықата кенті мен Арай ауылдық мәдениет үйлерін жаңарту бойынша да дайындық жұмыстары жүргізілуде.


