Жатақханаға өтініш беру тәртібі өзгереді: 2027 жылдан бастап орындар eGov арқылы үлестіріледі

Қазақстанда студенттерді жатақханаға орналастыру процесі толық цифрландырылып, eGov порталы арқылы орталықтандырылған түрде жүзеге асырылатын болады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов мәлімдеді.
Студенттік тұрғын үй бөлу жүйесін реттеуді Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бірлесе қолға алып жатыр.
Студенттерді күтіп тұрған басты өзгерістер:
• Толық цифрландыру: 2026-2027 оқу жылының соңына дейін жоғары оқу орындары үшін жатақханаларды басқарудың бірыңғай функционалдық талаптары әзірленеді.
• eGov арқылы өтініш беру: 2027-2028 оқу жылынан бастап жатақханаға өтініш беру, орындарды онлайн брондау және цифрлық келісімшарт жасасу «электрондық үкімет» порталы мен eGov Mobile қосымшасы арқылы жүргізіледі.
• Бос орындардың бірыңғай тізілімі: Барлық оқу орындарының жүйесі бірыңғай платформаға біріктіріліп, ел бойынша бос орындар мен толымдылық деңгейі нақты уақыт режимінде көрініп тұрады.
• Адам факторын жою: Жүйе студенттердің әлеуметтік мәртебесін мемлекеттік деректер қоры арқылы автоматты түрде тексеріп, орындарды ашық түрде бөледі.
Қазіргі таңда Satbayev University, Қарағанды индустриялық университеті және Торайғыров университеті сияқты бірқатар оқу орындары бұл жүйені пилоттық режимде енгізіп үлгерген. Жаңа платформа студенттер үйінің жетіспеушілігін дәл бағалап, жаңа жатақханалар салуды жоспарлауға да мүмкіндік береді.



