Оба қаншалықты қауіпті: ауруды емдеуге бола ма?

Оба туралы ақпарат соңғы күндері қайтадан талқылана бастады. Бұған Ресейдің Сібір аймағында зертхана қызметкерінің қайтыс болуы және оның оба қоздырғышымен байланыста болғаны туралы ақпарат себеп болды. Алайда оның өліміне нақты осы инфекция себеп болғаны әзірге расталған жоқ.
Оба адамзат тарихындағы ең қауіпті инфекциялардың бірі саналады. XIV ғасырдағы «Қара өлім» індеті кезінде Еуропада ондаған миллион адам көз жұмған. Бірақ қазіргі медицинада оба емделетін аурулардың қатарына жатады.
Оба деген қандай ауру?
Обаны Yersinia pestis бактериясы қоздырады. Инфекцияның негізгі үш түрі бар: бубонды, септикалық және өкпе обасы.
Бубонды оба көбіне ауру жұқтырған бүргенің шағуынан немесе инфекция жұққан жануармен байланыстан беріледі. Бұл кезде лимфа түйіндері ісініп, дене қызуы көтеріледі.
Егер бактерия қанға тараса, септикалық оба дамуы мүмкін. Ал өкпе обасы тыныс алу жолдарын зақымдайды және оның ерекшелігі – адамнан адамға жұғуы мүмкін.
Неліктен өкпе обасы қауіпті?
Өкпе обасы өте жылдам өршуі мүмкін. Бактерия өкпеде көбейіп, қабыну процесін күшейтеді. Соның салдарынан адамның тыныс алуы қиындайды.
Негізгі белгілеріне:
- дене қызуының көтерілуі;
- қатты әлсіздік;
- бас және кеуде ауыруы;
- жөтел;
- ентігу;
- кей жағдайда қан аралас қақырық жатады.
Ауру ауыр жағдайда қанға тарап, басқа да маңызды мүшелердің жұмысына әсер етуі мүмкін.
Мамандардың айтуынша, обаға шалдыққан адам міндетті түрде 24 сағат ішінде қайтыс болады деген түсінік дұрыс емес. Дегенмен аурудың ауыр түрі алғашқы белгілер пайда болғаннан кейін өте тез асқынуы мүмкін. Сондықтан уақытты жоғалтпай медициналық көмекке жүгіну маңызды.
Обаны емдеуге бола ма?
Иә. Оба антибиотиктермен емделеді.
Дәрігерлер аурудың түріне және адамның жағдайына қарай қажетті антибиотикті таңдайды. Ауыр жағдайда дәрі препараттары көктамыр немесе бұлшықет арқылы енгізілуі мүмкін.
Өкпе обасына күдік болған кезде дәрігерлер зертханалық талдаудың соңғы нәтижесін күтпей емді бастап кетуі мүмкін. Себебі бұл инфекция кезінде емді ерте бастау өте маңызды.
Сонымен қатар науқаспен жақын байланыста болған адамдар медициналық бақылауға алынады. Қажет болған жағдайда оларға инфекцияның алдын алу үшін антибиотиктер тағайындалады.
Қазақстанда жағдай қандай?
Ресейдегі жағдайға байланысты Қазақстанда да алдын алу шаралары күшейтілген. Мемлекеттік шекарада санитариялық-карантиндік бақылау жүргізілуде.
Қазіргі уақытта Қазақстанға келген жолаушылар арасынан оба немесе басқа да аса қауіпті инфекция белгілері бар адамдар тіркелмеген. Мамандар ел аумағына инфекцияның таралу қаупін әзірге төмен деп бағалап отыр.
Мамандар шетелден келген азаматтарға өз денсаулығына мән беруді ескертеді. Егер сапардан кейін дене қызуы көтеріліп, қатты әлсіздік, жөтел немесе тыныс алудың қиындауы сияқты белгілер пайда болса, дәрігерге жүгініп, жақында қай елде болғанын айту қажет.
Ең бастысы
Оба – қауіпті инфекция. Бірақ қазіргі таңда оны анықтап, оқшаулап, антибиотиктермен емдеуге мүмкіндік бар.
Сондықтан «оба анықталса, адам міндетті түрде қайтыс болады» деген түсінік дұрыс емес. Негізгі қауіп – аурудың тез өршуінде және емді кеш бастауда.



