Басты жаңалықтар

Тұңғыш қазақ ақын қызы — Шолпан Иманбаева

Қазақтың тұңғыш жеке кітабы шыққан қыз: Шолпан Иманбаеваның трагедиялық, бірақ өр тағдыры

«Қазақ тарихында Шолпаннан бұрын жеке кітап болып өлеңі басылған бірде-бір қазақ қызы болған емес». Мәриям Хәкімжанова бұл сөзді тек мақтаныш үшін емес, қазақ әйелдерінің қараңғылық пен қатыгез замандағы ауыр тағдырын ашып көрсету үшін айтқан еді.

             Қысқа ғұмыр, үлкен іс
Шолпан Иманбаева 1904 жылы 18 қыркүйекте Ақмола өңірінде дүниеге келген. Ол – қазақ әйелдері арасынан шыққан алғашқы жазба ақындардың бірі. Мәриям Хәкімжанова: «Шолпаннан бұрын жеке кітап болып өлеңі басылған бірде-бір қазақ қызы болған емес» деп жазса, Сәкен Сейфуллин оны «қазақ әйелдерінен шыққан бірінші ақын» деп бағалаған.

Балалық шағы жоқшылықта өткен ақын небәрі 14 жасында әкесі өзінен әлдеқайда үлкен Бөкей есімді дәулетті адамның үшінші әйелі етіп береді. Бірақ Шолпан бұл әділетсіздікке мойынсұнбай, 1921 жылы Сәкен Сейфуллиннің көмегімен еркіндікке қол жеткізеді.

         Өлеңге айналған жүрек сыры

Дәл 1921 жылдан бастап өлең жаза бастаған ақынның алғашқы туындыларының бірі – «Қоңыр қаз». Шығармаларында әйел теңсіздігі, еркіндікке ұмтылыс, қарапайым халықтың тұрмысы жырланды.
Нәзипа Құлжанованың қолдауы: Білімге ұмтылған Шолпанды Нәзипа Құлжанова Ақмоладағы алты айлық сауат ашу курсына жіберіп, балалар коммунасында тәрбиеші болуға жол ашады. Ал 1924 жылы Орынбордағы әйелдер курсына түсіп, «Қабырға» газетінің редакторы болады.

Небәрі 22 жасында дүниеден өткен Шолпан қысқа ғұмырында 60-қа жуық өлең қалдырды («Қоңыр қаз», «Жеттік міне!», «Жолаушы мен жұмыскер», «Арыз», «Октябрь күні»). 1927 жылы Сара Есова мен Нәзипа Құлжанова оның өлеңдерін «Таңдамалы өлеңдер» деген атпен Қызылордада кітап етіп шығарды.

Бүгінде Астанада ақын атымен аталатын көше бар. Өзі ерте кетсе де, жүректен шыққан өр сөзі халық жадында мәңгі қалды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button