Басты жаңалықтар

Айтылған мәселе аяқсыз қалмайды

Тұрғынның мәселесі бір жерде айтылып, екінші жерде ұмытылып қалмауы керек. Түркістан облысында азаматтардың өтінішін тікелей тыңдап, нақты шешімін қарауға арналған жеке қабылдаулар тұрақты өтіп келеді.

Бүгін Түркістан қаласындағы Азаматтарды қабылдау орталығында облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев тұрғындарды қабылдады. Мақтаарал, Жетісай, Келес аудандарынан, сондай-ақ Түркістан мен Арыс қалаларынан келген азаматтар өздерін толғандырған мәселелерін ортаға салды.

Бұл жолы тұрғындардың сұрағы да күнделікті өмірге тікелей қатысты болды. Бірі жолдың жағдайын, енді бірі қоғамдық көліктің қатынасын көтерді. Жұмысқа орналасу, көпірлердің жай-күйі, тозған жылу жүйелері  назардан тыс қалмады.

Білім саласына қатысты мәселелер  айтылды. Атап айтқанда, тұрғындар Оқушылар үйіне көмек көрсету және білім беру жүйесіндегі бірқатар түйткілдерді жеткізді.

Әр өтініш жеке қаралды. Облыс әкімінің орынбасары жауапты басқармалар мен мекеме басшыларына көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеп, заң талаптарына сәйкес шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.

Әсіресе тұрғындардың күнделікті тұрмысына әсер ететін мәселелерді созбалаңға салмай шешуге басымдық берілді. Бірқатар мәселе қабылдау барысында-ақ шешімін тапты. Қалған өтініштер бойынша нақты жұмыстар жүргізіледі.

Ең маңыздысы – айтылған сөздің соңы бақылаумен бітпейді. Қабылдау кезінде көтерілген мәселелердің орындалуы облыс әкімінің орынбасарының тікелей бақылауында болады.

Тұрғындар облыс басшылығына өз мәселесін жеткізу үшін қабылдауды күтудің де қажеті жоқ. Жеке қабылдауға e-Өтініш бірыңғай базасы арқылы немесе Түркістан қаласындағы Азаматтарды қабылдау орталығына барып, жазбаша өтініш беру арқылы жазылуға болады.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button