Басты жаңалықтар

Егін даласында қарбалас

Түлкібастағы 50 гектар алқапта диқандар үшін жылдың ең жауапты кезеңі — орақ науқаны қызған шақ.


Састөбе кентіндегі «ОЕ» ЖШС алқабында егін жинауға 3 заманауи комбайн жұмылдырылған. Техника шаруашылықтың өз қаражатына алынған. Ал жоғары өнімді комбайндар Канадада өндіріліп, Ресей арқылы жеткізілген.

Шаруашылықта бидай орағы 20 шілдеде басталған. Диқандар жыл сайын әр гектардан орта есеппен 15–16 центнер өнім алады.

Қазір Түлкібас ауданындағы бидай алқаптарының шамамен 70 пайызы орылды. Арпа жинау науқаны толық аяқталған.

Жиналған астықтың негізгі бөлігі өңірдегі диірмендерге жөнелтіледі. Ал бір бөлігі келер жылдың егісіне тұқым ретінде сақталады.


Егін орағының барысын аудан әкімі Асқар Естібаев арнайы барып көріп, шаруалардың еңбегімен танысты. Ол науқанды белгіленген мерзімде әрі ысырапсыз аяқтаудың маңызын атап өтті.

Айта кетейік, биыл Түлкібас ауданында 14 280 гектарға күздік бидай, 1 400 гектарға жаздық бидай егілген.

Басқа жаңалықтар

Back to top button