Шәмші әндері шырқалды

Түркістандағы «Керуен сарай» туристік кешенінде Қазақстанның Халық әртісі, әйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығына арналған «Шәмші әндері» өнер фестивалі өтті.

Фестивальге Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, мәдениет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, өңір тұрғындары мен қала қонақтары қатысты.

Кеште «Жігіттер» квартеті, Melomen, «Сарын», Turan Boys топтары, сондай-ақ Мөлдір Әуелбекова, Маржан Арапбаева, Алтынай Жорабаева, Досымжан Таңатаров, Әли Оқапов және басқа да танымал өнерпаздар Шәмші Қалдаяқовтың халық сүйіп тыңдайтын әндерін орындады. Көрермендер де әншілермен бірге қосылып ән айтып, композитор рухына құрмет көрсетті.

Фестивальдің басты мақсаты – Шәмші Қалдаяқовтың мол мұрасын насихаттау, ұлттық өнерді дәріптеу және жас орындаушыларға қолдау көрсету.

Түркістанда соңғы жылдары мәдениет пен туризмді дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. 2018 жылдан бері өңірде 35 мәдениет нысаны пайдалануға берілді. Осы уақыт ішінде облысқа 2,5 миллион турист келсе, тарихи орындарға 10 миллионнан астам біркүндік келуші барған.



