25 миллиардтық жобалар
Ордабасы ауданында биылғы бес айда экономикадағы өсім қарқыны жоғарылады.

Қаңтар-мамыр аралығында ауданға 20,9 млрд теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда көрсеткіш 10,6 пайызға артқан. Жыл соңына дейін инвестиция көлемін 55 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
Аудан әкімі Азат Оралбаевтың айтуынша, Қытай мен Түркия инвесторларымен жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде жалпы құны 25 млрд теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асуда. Оның ішінде 7,2 млрд теңгелік 3 жоба іске қосылып, 304 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

Жаңа өндірістерді дамыту үшін ауданда 102,5 гектар аумақта индустриялық аймақ құрылған. Бүгінде мұнда жалпы құны 23 млрд теңге болатын 9 жоба жұмыс істеп, 722 адам еңбек етуде. Сонымен қатар, құны 6,3 млрд теңгені құрайтын 6 жаңа жобаның құрылысы жүріп жатыр. Олар толық іске қосылғанда тағы 720 жұмыс орны ашылады.
Ірі жобалардың қатарында «Grand Pro» компаниясының жиһаз өндірісі мен «Югстройтехнология» кәсіпорнының газбетон блоктарын шығаратын зауыты бар. Жиһаз өндірісі толық қуатында іске қосылған кезде 250 адамды тұрақты жұмыспен қамтиды.

Бес айдың қорытындысында ауданның жалпы өңірлік өнімі 84,1 млрд теңгеге жетіп, өсім 37,6 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 29,3 млрд теңгеге жетіп, 13,4 пайызға артқан.
Инфрақұрылым саласында да оң өзгерістер бар. Қазіргі таңда ауданға қарасты 57 елді мекен толықтай ауызсумен қамтылған. Табиғи газбен қамту деңгейі 77,1 пайызға жетіп, 44 елді мекен көгілдір отын пайдаланып отыр. Ішкі көшелердің 60 пайызы, аудандық маңызы бар жолдардың 91,1 пайызы қанағаттанарлық жағдайда.

Тұрғын үй құрылысы да қарқын алған. Биыл бес айда 22,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 49,3 мың шаршы метрге жеткізу көзделген. 2024-2025 жылдары тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін 136 жалдамалы пәтер пайдалануға берілді.
Темірлан ауылында жеке инвестор қаржысына салынған екі қабатты 10 кредиттік тұрғын үйді «Отбасы банк» арқылы бөлу жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде 152 отбасы баспаналы болады.



