148 миллиард теңге аздық етті
Қытайлық алпауыттар Түркістанды неліктен таңдап отыр?

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми делегация Қытай Халық Республикасына жұмыс сапары аясында Хубэй провинциясының әкімшілік орталығы – Ухань қаласында маңызды келіссөздер жүргізді. Кездесулер қорытындысы бойынша өңірде жүзеге асырылатын жаңа инвестициялық жобалардың ауқымды пулы қалыптасты.
Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек пен делегация мүшелері Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының атқарушы төрағасы Хуан Лисямен және Қытайдың құрылыс, көлік-логистика, инфрақұрылым саласындағы жетекші инвесторларымен кездесті. Серіктестіктің негізгі мақсаты – «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Түркістан облысына жаңа технологиялар мен тікелей инвестиция тарту.

Бүгінгі таңда Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 миллиард теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба сәтті іске асырылған.
Қытайлық халықаралық деңгейдегі компаниялар Түркістан облысында болат конструкциялар өндірісін ұйымдастыру жобасын ұсынды. Қытайлық инвесторлар өңірде өндірістік алаң құруға және жергілікті бизнес өкілдерімен серіктес болуға дайын екендіктерін жеткізді.

Түркістан облысы мен Хубэй қауымдастығы арасындағы байланыс 2024 жылдан бері қарқынды дамып келеді.
Кездесу соңында қытайлық кәсіпкерлер Түркістан облысының логистикалық артықшылықтары мен мемлекеттік жеңілдіктерін жоғары бағалап, агроөнеркәсіп, құрылыс және туризм саласындағы нақты жобаларды пысықтау бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты.

Жаңа жобалар пулы алдағы жылдары өңірде жаңа жұмыс орындарын ашып, экспорттық әлеуетті арттыруға септігін тигізбек.



