
Көктемнің басты мерекесі — Әз-Наурыз қарсаңында Түркістан қаласына келушілер ағыны күрт артып, өңірдегі туристік белсенділік жоғары деңгейге жетті. Қазіргі таңда көне шаһардағы қонақүйлер мен демалыс орындарының басым бөлігі туристерге толып, брондау көрсеткіші рекордтық межеге таяды, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Биыл Түркістан қаласы тағы да отандық және шетелдік саяхатшылардың негізгі таңдауына айналып отыр. Ресми мәліметтерге сәйкес, қаладағы қонақүйлердегі жатын бөлмелердің 90%-дан астамы алдын ала брондалған. Мерекелік демалыс күндеріне сұраныстың жоғары болуына байланысты 71 орналастыру орны, атап айтқанда 1443 бөлме мен 3104 төсек-орын толықтай дайындық режиміне көшті. Сонымен қатар, әуе қатынасында да айтарлықтай қарбалас байқалады: Түркістан бағытындағы билеттердің барлығы дерлік сатылып кеткен.

Жолаушылар тасымалын реттеу мақсатында 16-29 наурыз аралығында қосымша теміржол рейстері жоспарланды. Атап айтқанда, 21 наурыз күні «Алматы-Түркістан-Шымкент-Ташкент-Самарканд» халықаралық бағытындағы пойызбен өңірге 250-ден астам шетелдік турист келеді деп күтілуде. Бұл Түркістанның тек еліміз ішінде ғана емес, Орталық Азиядағы ірі туристік хаб ретіндегі мәртебесін айғақтайды.
Айта кетерлігі, Түркістан облысында туризм саласы тұрақты өсім көрсетіп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша өңірге саяхаттағандар саны 500 мың адамнан асып, өткен жылмен салыстырғанда 15,9%-ға артқан. Ал тарихи-мәдени ескерткіштерді тамашалағандар саны 1 миллионнан асты. Қазіргі таңда облыс аумағында туристерге қызмет көрсететін 265 орналастыру орны жұмыс істейді, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12,7%-ға жоғары.

Наурыз мейрамы аясында қала қонақтары мен тұрғындары үшін ауқымды бағдарлама әзірленген. Атап айтқанда, қалалық атшабарда ұлттық спорттың 10 түрінен халықаралық және республикалық деңгейдегі жарыстар өтеді. Мұнымен қоса, Түркістанның мәдени нысандарында елімізге танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламалар, қолөнершілер жәрмеңкесі және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мазмұнды іс-шаралар ұйымдастырылады.
Түркістан биыл да ұлттық мейрамды жоғары деңгейде қарсы алып, келушілерге қазақ халқының қонақжайлылығы мен мәдени мұрасын кеңінен таныстыруды көздеп отыр.



