Түркістан халқының жартысынан көбі әйелдер

Түркістан төрінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік думан қызды. «Ана – өмір шуағы» атты салтанатты кеште өңірдің дамуына үлес қосып жүрген нәзік жандыларға құрмет көрсетіліп, қаланың демографиялық және әлеуметтік келбетіндегі әйелдердің рөлі айшықталды, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Мерекелік іс-шараның шымылдығы Р. Сейтметов атындағы Түркістан қалалық сазды-драма театры әртістерінің қатысуымен қойылған әсерлі прологпен ашылды. Сахна төріндегі өнер көрсетілімдері заманауи технологиялармен ұштасып, 3D бейне және жасанды интеллект көмегімен дайындалған көрнекі контент көрермен назарына ұсынылды. «Яссы» және «Әгугай» би ансамбльдерінің мың бұралған биі кештің сәнін келтірсе, Еркін Нұржанов, Асан Пердешов, Сырым Исабаев сынды эстрада жұлдыздары әннен шашу шашты.

Жиынға қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, зиялы қауым өкілдері, «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иегерлері және түрлі салада еңбек етіп жүрген әйелдер қатысты. Шара барысында қала басшысы құттықтау сөз сөйлеп, табысты еңбегімен көзге түскен бірқатар нәзік жандыларға арнайы марапаттар табыстады.
Бүгінде Түркістан тек тарихи орталық қана емес, сонымен бірге демографиялық өсімі жоғары серпінді қала. Ресми мәліметтерге сүйенсек, қала халқының саны 300 мыңнан асты. Соның ішінде 156 мыңнан астамы – әйелдер. Яғни, қала тұрғындарының 52 пайызын нәзік жандылар құрап отыр.

Бұл көрсеткіш әйелдердің қала өміріндегі стратегиялық маңызын көрсетеді. Түркістандық әйелдер білім беру, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік және мемлекеттік қызмет салаларында белсенділік танытуда. Әсіресе, ана мен баланы қорғауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде кәсіп ашқан іскер әйелдердің саны артып келеді.

Мақалада атап өтілгендей, әйелдер қауымы тек отбасының берекесін сақтап қана қоймай, елдің экономикалық дамуына да зор үлес қосуда. Қазіргі таңда қалада әйелдердің кәсіби дамуына, олардың бастамаларын қолдауға бағытталған әлеуметтік жобалар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
«Ананың мейірімі мен қажырлы еңбегі – қоғам тұрақтылығы мен болашақтың берік негізі. Түркістанның әрбір жетістігінің артында аналарымыздың дұғасы мен әйелдер қауымының қажырлы еңбегі тұр», — деді қала әкімі өз сөзінде.
Мерекелік кеш соңында қатысушыларға сый-құрмет көрсетіліп, бұл күн аналар мен арулар үшін нағыз рухани демалыс сыйлаған ұмытылмас сәтке айналды.



