Turkistan lifeБасты жаңалықтар

Ағашқа жан бітірген ару: Түркістандық шебердің қайсарлығы

Түркістанның қасиетті топырағында туып, Бірлік ауылында өскен Нодира Абдиваитованың тағдыры ерекше. Мамандығы программист болса да, тағдыр оны «еркектің ісі» саналатын жиһаз әлеміне алып келді. Ол бүгінде ауыр аппараттардың тілін тауып, ағаштан түйін түйіп отырған бірегей жан. Осы бір қайсар қыздың өмір жолы мен еңбекке деген махаббатын тереңірек білу үшін turkistanlife.kz тілшісі Нодирамен арнайы сұхбаттасып қайтты.

Намыс қайраған шешім: «Неге бізді менсінбейді?»

2012 жылдары Түркістанда жиһаз саласы жаңа дами бастағанда, сатушылар сапалы дүниені «Ресейдікі» немесе «Беларусьтікі» деп өткізуге мәжбүр болатын. «Түркістандыкі десе, ешкім алмайтын» деген сөз жас арудың намысына тиді.

«Менің бойымда патриоттық сезім өте күшті. Неге бізді менсінбейді? Біздің сапамыз олардан кем емес қой! Халықта «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сөз бар. Өз жеріміздің өнімін брендке айналдыруды мақсат еттім. Алғашқы қадамымда мені алдап, еңбегімді жемек болғандарға ренжіп, намысымды қайрадым. «Қыздың қолынан не келеді?» дегендерге іспен жауап бергім келді».

Алғашқы қадамын делдалдықтан бастаған кейіпкеріміз, бірде үлкен тапсырыс берген қария мен цех иелерінің арасындағы әділетсіздікке тап болады. Жас қыздың еңбегін жемек болғандарға ренжіп, сол сәтте өзіне серт берді: «Өз цехымды ашамын!» Осылайша, әпкесінің қолдауымен үлкен жауапкершілікті арқалап, кәсібін бастап кетті.

Жиһаз жасау — шаң-тозаң мен ауыр материалдардың ортасы. Әрине, айналасындағылардың «Үйде отырмайсың ба? Бала тумайсың ба? Еркек болып кеттің ғой» деген сөздері Нодираның көңіліне қаяу түсірген кездері аз болмаған.

«Кейде қатты көңіліме алып, жылап та аламын. Бірақ көз жасымды сүртемін де, алға қойған мақсатымды еске түсіремін. Менің махаббатым — осы ісім. Цехта аппарат басында тұрғанда шаршағанымды ұмытамын. Тәжірибесіз жігіттерді де өзім үйретіп, шебер қылып шығарамын. Еңбек еткен адамға ешқандай жұмыс жат емес».

Ол үшін жұмысшылардың жиі ауысуы немесе тәжірибесіз жігіттердің келуі кедергі емес. Шебер кез келген аппаратты өзі басқара алады, басынан аяғына дейін жиһазды өз қолымен жинайды және шәкірт тәрбиелеуден шаршамайды.

Күтпеген кездесу: «Қазақ қызының мұндай мықтылығын күтпеген едім…»

Бірде цехқа адасып келген белоруссиялық жиһаз өндірісінің басшысы біздің кейіпкердің еңбегіне тәнті болады. Ол әлі күнге дейін шебермен байланыста отырып, оған қолдау көрсетіп келеді.

«Ол кісі менің ауыр техникаларды еркін меңгеріп, жұмысшыларды басқарып отырғанымды көргенде таңғалысын жасыра алмады. Маған қарап: «Мен қазақ қызының мұндай қайсар, темірдей мықты болады деп ойламаппын! Сен Қазақстан дегенде атың озатын тұлға бол!» — деп ағынан жарылды. Сол сөз маған қанат бітірді.

Кейіпкеріміздің пайымдауынша, жиһаз жасауда әйел адамдардың ерлерден айырмашылығы жер мен көктей. Әйелдер — өте ұқыпты, жылдам және жауапты.

«Әйел адамның қолы тиген жерде береке болады. «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз тегін айтылмаған. Жиһаз жасауда нәзіктік пен ұқыптылық өте маңызды. Түркістанның әйелдері жауапкершілікке келгенде өте берік. Тапсырыс берушілер әйел адамның жасағанын көргенде, алғашқы күмәні сейіліп, риза болып батасын береді».

Тапсырыс берушілер цехты әйел адам басқаратынын көргенде алғашында күмәнданады. Бірақ нәтижені көргенде, қуаныштан ет асып, үйіне қонаққа шақырады.

Нодира тек ағашты ғана емес, қара сөзді де қиыстыратын ақын. Бос уақытында өлең жазады. Бір қызығы, ол өз шығармашылығын сатпайды, жақсы адамдарға тегін сыйлайды.

«Шығармашылық — жанымның саясы. Ағаштан жиһаз жасасам, сөзден жыр құраймын. Мен үшін өлеңдерімді біреу оқып, рухани ләззат алса, сол — ең үлкен баға. Ақшамен өлшенбейтін құндылықтар болады, менің шығармашылығым соның бірі»

Қыз-келіншектерге айтар ақылы

Заман талабына сай, адам өзгеріп отыруы керек. Біреудің уәдесіне емес, өз күшіңе, өз тұлғаңның қалыптасуына сенсең — нағыз бақыт сонда. Қиындыққа қарамаңыз, қайтпас қайсарлық қана биікке шығарады дейді ол.

«Мұсылман халқында әйел адам еркектен бір саты төмен тұруы — тәрбиенің, сыйластықтың белгісі. Мен бұған келісемін және мақтан тұтамын. Жолдасым да менің ісімді қолдап, менімен мақтанады. Бірақ менің айтқым келетіні — «Әйел бастаған көш оңады». Егер әйел адам өзіне сенсе, білімі мен еңбегін ұштастырса, ол кез келген биікті бағындырады. Тұлға болып қалыптасудан қорықпаңыздар!»

Кейіпкеріміздің оқиғасы — ағаштай берік, өлеңдей нәзік жанның жеңісі. Ол Түркістанның ғана емес, бүкіл қазақ қыздарының заманауи үлгісі.

 

Ақниет Қалдыбекова

Басқа жаңалықтар

Back to top button