Turkistan lifeБасты жаңалықтар

Шәмші: Кеш берілген баға

Turkistanlife.kz ұжымы Шәмшінің туған жері — Отырар ауданы, Шәуілдірге барып, сазгердің балалық ізі қалған мекенмен танысты. 

Turkistan life жобасы Отырар ауданы, Шәмші Қалдаяқов ауылына арнайы келдік. Композитордың Музейіне келгенімізде алдымыздан велосипед мінген қарапайым бір кісі шықты. Сөйтсек, ол Шәмші атамыздың туған інісі, Қалдаяқовтар әулетінің қара шаңырағын ұстап отырған жан екен. Ол кісі бізге мұражайды өзі таныстырып, ағасы туралы біраз естеліктермен бөлісті.

Бақыт Қалдаяқов, Шәмші Қалдаяқовтың інісі:
Ағам атақ қумады, сондай қарапайым еді. Ақшаға, дүниеге қызықпады бар байлығы оның әндері болатын. Ол кісі ешқашан дауыс көтермейтін. Жәй ғана, баппен түсіндіретін. Өте қарапайым адам болды, – дейді ол.

Тіпті, туған інісіне де атағын пайдалануға жол бермеген.

«Менің атымды жамылып тірлік істемеңдер. Өз еңбегіңмен күн көр», – деген сөзі оның өмірлік ұстанымына айналған.

Шағын ғана музейдегі әр жәдігер — тұтас дәуірдің куәсі. Көзі тірісінде атақ қумай, халықтың сүйіктісіне айналған ұлы композитордың өз қолы тиген дүниелерді көріп келдік. Мұнда оның костюмі, портфелі, шахмат тақтасы және шығармашылық қолжазбалары елге көрсетіліп, келушілерге ерекше әсер қалдырады.

Шәуілдірден шыққан аңыз адам — Шәмші Қалдаяқов артынан 300-ге жуық ән жазып қалдырды. Сырға толы, мұңға толы нәзік, ырғақты әндері қазақ даласын алақанына салып аялап, әлі де тербетіп келеді. Осы шығармашылық жолда оның жары Жәмила апайдың да орны ерекше. Ол кісі нағыз парасаттылық танытып, Шәмші атамызды әрдайым қолдап, қиын сәттерде тірегі бола білген.

Сазгер Жұмекен Нәжімеденов, Мұхтар Шаханов, Қадыр Мырза Әли сынды ірі тұлғалармен шығармашылық байланыста болды.

Бүгінгі Мемлекеттік Әнұранның авторы болса да, Шәмші кезінде «дипломың жоқ» деп консерваториядан қуылған. Тұтас ұлт әндерін жатқа айтса да, ресми билік оны мойындауға асықпады. Ең өкініштісі «Халық әртісі» атағы Шәмшіге өлерінен небәрі бір күн бұрын, аурухана төсегінде ғана берілген.

Уақыт өтер, бірақ халықтың махаббаты ескірмейді. Қазақ аспанында Шәмшінің әуені қалықтап тұрғанда, оның ғұмыры да мәңгілік!

Басқа жаңалықтар

Back to top button