Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров референдумда дауыс берді

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров республикалық референдум учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады. Өңір басшысы бұл саяси науқанның әрбір қазақстандық үшін маңызды екенін атап өтті, деп хабарлайды turkistanlife.kz
Дауыс беру сәтінен кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген облыс әкімі ел болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматты белсенділік танытуға шақырды.

«Референдумда өз таңдауымды жасадым. Бұл әрбір Қазақстан азаматы үшін маңызды қадам. «Мемлекет халық үшін» деген басты қағида бар. Сондықтан бұл референдум еліміздің ертеңі мен қоғамдық-саяси тұрақтылығы үшін айрықша маңызға ие», — деді Нұралхан Көшеров.
Сондай-ақ, өңір басшысы Түркістан облысындағы дауыс беру процесінің барысына тоқталып, барлық учаскелерде азаматтардың еркін таңдау жасауына толық жағдай жасалғанын жеткізді.
Айта кетейік, бүгін таңғы сағат 07:00-ден бастап Түркістан облысы бойынша 947 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Облыс халқының жартысынан астамы дауыс беру құқығына ие және таңертеңнен бастап сайлаушылардың жоғары белсенділігі байқалуда.



