Түркістандық көпбалалы аналарға құрмет көрсетілді

Түркістан қаласында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай көпбалалы аналармен салтанатты кездесу өтті, деп хабарлайды turkistanlife.kz.

Мерекелік шараға Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов пен Түркістан қалалық мәслихатының төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев қатысып, аналарды құттықтап, олардың қоғамдағы орны мен отбасы тәрбиесіндегі рөлі ерекше екенін атап өтті.

Салтанатты жиын барысында бірқатар көпбалалы ана мемлекеттік марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, 11 анаға «Алтын алқа», 24 анаға «Күміс алқа» табысталды.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында 17 264 көпбалалы ана бар. Оның ішінде 1 250 ана – «Алтын алқа», 2 749 ана – «Күміс алқа» иегері. Сонымен қатар I–II дәрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталған 81 ана тіркелген. Бұдан бөлек, 18 жасқа дейінгі төрт және одан да көп баласы бар 13 122 ана бар.



