АқордаБасты жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар мемлекеттің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

Ақордада Қазақстан Президентіне сегіз мемлекеттің төтенше және өкілетті елшілері сенім грамоталарын тапсырды. Рәсім барысында Мемлекет басшысы дипломаттарды ресми қызметінің басталуымен құттықтап, Қазақстанның сыртқы саясаттағы басымдықтарына тоқталды, деп хабарлайды turkistanlife.kz

Сенім грамоталарын Норвегия Корольдігінің елшісі Хелена Санд Андресен, Аргентина Республикасының елшісі Энрике Игнасио Феррер Виейра, Гана Республикасының елшісі Кома Стим Джеху Аппьях, Мали Республикасының елшісі Сейду Камиссоко, Гамбия Республикасының елшісі Алкали Фанка Конте, Бангладеш Халық Республикасының елшісі Мұхаммед Назрул Ислам, Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының елшісі Шобини Гунасекера, Босния және Герцеговина елшісі Иван Орлич тапсырды.

– Сыртқы сын-қатерлерге қарамастан Қазақстан аймақтағы тұрақты әрі экономикасы қарқынды ел саналады. Дегенмен біз қол жеткізген жетістіктерге тоқмейілсімей, экономикалық реформаларды дәйекті түрде жалғастырып келеміз. 15 наурыз күні елімізде жаңа Конституция бойынша жалпыхалықтық референдум өтеді. Мемлекетті одан әрі өркендету жолындағы бұл маңызды құжатты халқымыз қолдайды деп ойлаймыз. Жаңа Конституция Қазақстанда қолға алынған іргелі өзгерістерге берік негіз қалап, демократияландыру мен жан-жақты жаңғырту ісіне қомақты үлес қосады, сол арқылы елімізді дамытуда тың мүмкіндіктерге жол ашып, халықтың әл-ауқатын арттырады деген үміттеміз, – деді Президент.

Президент өз сөзінде сыртқы сын-қатерлерге қарамастан Қазақстан аймақтағы тұрақты әрі экономикасы қарқынды дамып келе жатқан ел екенін атап өтті. Сонымен қатар елде жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар жалғасатынын жеткізді.

Жиын соңында Қасым-Жомарт Тоқаев шет мемлекеттердің елшілеріне жауапты қызметтерінде табыс тіледі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button