Түркістан облысында колледж түлектерін жұмыспен қамту күшейтіледі

Түркістан облысында техникалық және кәсіптік білім беру саласын дамыту және колледж түлектерін еңбекпен қамту бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде талқыланды. Онда «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында атқарылған шаралар мен алдағы кезеңнің басымдықтары баяндалды. Өңір басшысы бөлінген гранттарды тиімді игеру, білікті маман даярлау және түлектерді облыста ашылып жатқан өндіріс орындарына жұмысқа орналастырудың маңызын атап өтті.
Облыста 50 колледж жұмыс істейді: 28-і мемлекеттік, 22-і жеке. Колледждер 84 мамандық бойынша 46 747 студентті даярлап жатыр, олардың 79%-ы мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды. 2024–2025 оқу жылында 12 619 түлек тәмамдады, соның 81%-ы жұмыспен қамтылып, бұл көрсеткіш былтырға қарағанда 5% жоғары болды.
Талдау нәтижесінде техникалық, өндірістік және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша жұмыспен қамту деңгейі 90–100% аралығында екені анықталды. Ал қызмет көрсету, шығармашылық және әлеуметтік бағыттарда көрсеткіш төмендеу. Еңбек нарығында сұранысы аз медицина, қауіпсіздік және әкімшілік мамандықтары бойынша 2026 жылғы тапсырыс құрылымын оңтайландыру жоспарланып отыр.
2025–2026 оқу жылына облысқа 15 500 грант бөлінді, оның 57%-ы жұмысшы мамандықтарына бағытталған. Дуальды оқыту кеңейіп, 36 колледжде 11 223 студент 692 кәсіпорынмен келісім аясында оқып жүр. 12 колледж шетелдік оқу орындарымен меморандумдар жасап, қос диплом, академиялық ұтқырлық және тағылымдама бағыттарын дамытуда. 2025 жылы үш колледж халықаралық аккредитациядан өтті. «WorldSkills Kazakhstan–2025» чемпионатында Түркістан облысы 4 алтын, 6 күміс, 6 қола және 7 медальон иеленіп, жалпы есепте үшінші орын алды.
2026 жылға студенттердің сабаққа қатысуын цифрлық бақылау, гранттарды еңбек нарығымен байланыстыру, сұранысы төмен мамандықтарды қысқарту және дуальды оқытуды ірі инвесторлармен кеңейту бағыттары белгіленді.



