ОСК Төрағасы Түркістанда сайлауға дайындық мәселелері бойынша кеңес өткізді

Түркістан және Кентау қалаларындағы сайлау учаскелерін аралаған ҚР Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Н.М. Әбдіров алдағы 2026 жылғы 23 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарының сайлауын ұйымдастыру мәселелері бойынша арнайы кеңес өткізді.
Жиынға ОСK төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман, Төраға хатшылығының меңгерушісі Айбек Жекен, электораттық оқытуды ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Ерлан Абдакасов, сондай-ақ облыс әкімі аппаратының, прокуратураның, полиция департаменті мен әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшылары және аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.

ОСК 2026 жылғы 1 шілдедегі № 26/41 қаулысымен Құрылтай депутаттарын сайлауды дайындау мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспары бекіткен болатын. Жиында сайлау процесін үйлестіру жұмыстары сөз болды.
«Алдағы сайлауды жоғары деңгейде ұйымдастыру үшін ең алдымен бірнеше маңызды бағытты қатаң бақылауда ұстауымыз керек. Біріншіден, барлық сайлау учаскелерінде интернет үздіксіз жұмыс істеуі тиіс. Екіншіден, ТЖД өкілдерімен бірлесіп, өрттен сақтану және қауіпсіздік ережелерінің сақталуын жіті қадағалау қажет. Үшіншіден, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға кедергісіз жағдай жасалып, олардың дауыс беруіне толықтай қолайлы орта қалыптастырылуы тиіс. Сонымен қатар, барлық онлайн сервистер мен ақпараттық жүйелердің жұмысы үздіксіз қамтамасыз етіліп, кез келген іркілістің алдын алуымыз керек», — деді Н.Әбдіров.

Өз кезегінде Түркістан облыстық аумақтық сайлау комиссиясының Төрағасы А.Өсербаев өңірдегі сайлау науқанының барысы туралы баяндады.
«ҚР Құрылтайына сайлауға дайындық Түркістан өңірінде қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі таңда облыста 2 миллионнан астам тұрғын тұрса, соның ішінде 1 204 659 азаматтың дауыс беруге құқығы бар (халықтың 56%-ы). Сайлауды өткізу үшін 18 аумақтық және 952 учаскелік сайлау комиссиясы (оның ішінде 26 жабық учаске бар) жұмыс істейді», — деді ол.
Демографиялық өсім мен жаңа құрылыстарға байланысты биыл Түркістан қаласында 3 және Сауран ауданында 1 жаңа сайлау учаскесі ашылып, 6 учаскенің шекарасы қайта қаралды. Қазіргі уақытта барлық 952 учаске материалдық-техникалық базамен 100 пайыз қамтамасыз етілген.

Сайлаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін цифрлық шешімдер де белсенді қолданылуда. Атап айтқанда, облыс әкімдігінің интернет-ресурстарында «Өз сайлау учаскенізді табыңыз» онлайн сервисі іске қосылды. Сайлау күні бұл мүмкіндік 557 учаскеде тікелей қолжетімді болады, ал азаматтар өзінің тізімде бар-жоғын eGov порталы арқылы да тексере алады. Сонымен қатар, тұрғындарға қызмет көрсету үшін 22 шағын ХҚКО, 18 жергілікті Call-орталық және «109» бірыңғай байланыс орталығы тәулік бойы жұмыс істеуде.



